«Ескі суреттерін жариялаған». Шавкат Рахмонов Белал Мухаммадтың жағдайына күмән келтірді

Редактор
05.11.2024, 11:05

Белал айқастан әдейі бас тартқан болуы мүмкін

fighttime.ru

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов спорт журналисі Ариэль Хельваниге берген сұхбатында чемпиондық айқасының кейінге шегерілгендігіне қатысты пікір білдірді.

«Белалдың жарақаты туралы бір апта бұрын ғана естідім. Ауыр тиді. Дайындалдым, төбелескім келген. Бірақ не істей аласың... Ол жарақатына байланысты айқастан бас тартып отыр. Шыны керек, оның жарақаты қаншалықты күрделі екенін білмеймін. Инфекция жұқтырып алды деп жатыр. Күтеміз.
Белалдың қашан оралатыны белгісіз. Сондықтан UFC 310-да кез келген қарсыласпен уақытша титул үшін кездесуге дайынмын. Кімді берсе де бәрібір, бастысы титулдық жекпе-жек болса болды. Өйткені Белалдың қашан оралатыны белгісіз. Мен дайынмын және титулға лайықпын!» - деді Рахмонов.

Қазақстандық спортшы Белалдың айқастан әдейі бас тартқан болуы мүмкіндігін де жоққа шығармады.

«Мұндай жарақатпен Белалға UFC 310-да төбелесуіне болушы еді. Оның жарақат алғаны туралы естігінде, сол кезде-ақ ол жаттығуға кірісіп кеткен екен. Инстаграмдағы суреті ескі болуы да мүмкін. Ол түсініп тұр, сондықтан да сақтық шараларын қабылдаған тәрізді. Суреті де, видеосы да ертеректе жасалған деп ойлаймын. Бірақ Белал алты аптадан соң оралады дегенге сенбеймін. Маддалена да инфекция жұқтырған, оның қашан оралатыны әлі күнге дейін белгісіз. Сондықтан Белал да сондай болуы мүмкін», - деді отандық спортшы.

Шавкат американдық қарсыласының мүмкіндіктеріне де тоқталып өтті. Сөзінше, Мухаммад өте қолайыз қарсылас.

«Белал өз титулын сақтап қалғысы келетіні анық. Бірақ қызғанудың қажеті жоқ. Егер мен уақытша чемпион атансам, онда біздің айқасқа қызығушылық арта түседі.
Белалмен айқастың қалай өтетінін елестеткен емеспін, маған бәрібір, қалай болса да төреші менің қолымды көтеруі керек. Белал – ыңғайсыз қарсылас, көп күреседі, бірақ мен жекпе-жекті өзім қалағанша өткізе аламын деп ойлаймын», - деп қосты Шавкат.

Жерлесіміз UFC 310 турнирінде басты үміткер ретінде Камара Усманның болғанын қалайтынын да жасырмады.

«Қарсылас бар сияқты, бірақ бәрі UFC-ге байланысты. Мен қай-қайсысына да дайынмын. Егер Усманды берсе, екеуара айқас қызықты өтеді деп ойлаймын.
Усман да қарсы емес секілді. Екеуміз де боспыз. Рейтинг бойынша бір-бірімізге келеміз. Титулдық айқасты күтеміз!» - деді ол.