«Мен оны езіп тастаймын»: америкалық файтер Шавкат Рахмоновтың кемшіліктерін атады

Редактор
07.11.2024, 10:39

Отандасымыз жедлтоқсанда әлемнің уақытша чемпионы атағы үшін төбелеседі 

коллаж: 1bol.kz

Аралас жекпе-жекте орта салмақта өнер көрсететін америкалық танымал файтер Колби Ковингтон Шавкат Рахмоновты жекпе-жекке шақырды. Ол қазақ спортшысының әлсіз тұсын білетінін айтып, оны еш қиындықсыз жеңетініне сенімді.

Ковингтон Submission Radio тілшісіне сұхбат берген. Америкалықтың айтуынша, Шавкаттың бұған дейінгі қарсыластарының бәрі әлсіз. Ол әлі нағыз чемпиондармен төбелеспеген, сондықтан әрбір жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтап келді дейді ол.

«Мен оны бұрышқа тығып, езіп тастаймын. Оған мен көрсететін қысым ұнамайтыны анық. Ол солақайлармен дұрыс төбелесе алмайды. Біз оның Джефф Нилмен қалай төбелескенін көрдік. Бұл өте қиын жекпе-жек болды.

Шавкат әлі ТОП файтерлермен төбелескен жоқ. ТОП-10 рейтингке кірмейтін гейткиперлермен ғана жекпе-жек өткізді. Мен секілді бес раунд бойы қысым көрсететін чемпиондармен октагонға шықпады. Мен оған жақсы қарсылас боламын. Иә, оның бойы ұзын, бірақ мен үшін бұл ешқандай проблема емес. Ол бұған дейін бірнеше мықты сабмишен жасады, бірақ тағы айтам, оның қарсыластарының бәрі әлсіз болды. Менімен бұлай жасай алмайды.

Мен оны оңай жеңе аламын. Жалпы, Шавкатпен алдағы уақытта төбелескім келеді, мейлі, желтоқсандағы жекпе-жегін ол ұтса да, ұтылса да», - деді Колби Ковингтон.

Айта кетейк, Шавкат Рахмонов желтоқсанда UFC-дің чемпиондық титулы үшін Белал Мухаммадпен жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда, америкалық файтер жарақат алғанын айтып, бұл кездесу өтпейтін болды. Енді ұйымдастырушылар Шавкатқа жаңа қарсылас іздеуде. Ол әлемнің уақытша чемпионы атағы үшін төбелеседі.