Аталған видеоролик Instagram-дағы «Спорт Шрёдингера» паблигінде жарияланды
UFC лигасында кезекті жекпе-жегіне шыққалы жатқан жерлесіміз Шавкат Рахмоновтың (17-0) жанкүйерлері тек Қазақстанда емес, әлемнің түкпір-түкпірінде бар. Солардың бірі – америкалық спорт комментаторы Лаура Санко.
Бұрын аралас жепке-жекпен айналысқан Лаура қазір UFC ұйымында жұмыс істейтін алғашқы комментатор әйел. Ол бүгінгі эфир кезінде қазақ Шавкат Рахмоновқа жанкүйер екенін жасырмай айтып, оған сәттілік тіледі. Сондай-ақ, қазақша рухтандырып, ақыл-кеңесін де аяған жоқ.
«Шавкат! Қазақстан, алға! Сенің қолыңнан келеді. Өзіңнің қысымыңды пайдаланып, ақылмен төбелес. Қорғанысты да ұмытпа. Қазақстанда саған үміт артып отырған халқыңды ұмытпа. Сәттілік, Шавкат», - деді Лаура Санко телеэфир кезінде.
Еске салайық, бұған дейін де Лаура Шавкат Рахмоновқа қызығушылығын білдірген болатын. Ол кезде екеуі кездесіп, қазақ спортшысы комментаторға түлкі тымақ сыйлаған болатын.