Екеуміз де жеңілмегенбіз, енді өзара кім мықтыны анықтаймыз - Шавкат Рахмонов

Редактор
03.12.2024, 11:51

Рахмонов қарсыластарының көп сөйлейтінін атап өтті

sports.kz

Қазақстандық Шавкат Рахмонов Submission Radio-ға берген сұхбатында Белал Мухаммадтың жарақатынан соң UFC 310 турниріне қарсылас ретінде кімдер қарастырылғанын және олардың неліктен бас тартқанын айтты.

Шавкаттың сөзінше, Колби Ковингтон мен Камару Усман төбелестен бас тартқан, ал 10 қарашада жекпе-жекке шыққан Карлос Пратес (UFC-дегі көрсеткіші 4-0) жарақат алған.

«Өзімді жақсы сезінемін. Дайынмын! Қарсыластың бәрі сенімен төбелестен бас тартып жатқаны көңіліңді көтермейтіні анық. Айқас өте ме, өтпей ме деп жүріп жаттығуға толыққанды кірісу де қиын. Бірінші кезекте Усман болды, бірақ ол келіспеді. Пратеске ұсыныс жасалды, ол жарақат алды, ал Ковингтон бас тартты. Гэрридің ұсынысты қабылдағанына қуаныштымын. Екеуміз де жеңілмеген спортшылармыз, енді өзара кім мықты екенін анықтаймыз. Әйтпесе қарсыластың кім болатыны маған маңызды емес. Кіммен болса да айқасқа шығуға дайын едім», - деді Шавкат.

Рахмонов қарсыластарының көп сөйлегенімен, сол сөздерін іспен дәлелдей алмағанын сынап тастады.

«Шынымды айтсам, Усманның неліктен бас тартқанын білмеймін. Бастапқыда ол келіскен, сосын бас тартты. Тәуекелге барғысы келмеген шығар. UFC Колбиге ұсыныс жасады, ол сөйлегеннен басқа ештеңе білмейді, ұсыныс түскенде бас тартты ғой», - деді ол.