Соған қарамастан, қазақ спортшысы спорт мансабындағы ең жоғары гонорарға қол жеткізген
Лас-Вегаста (АҚШ) өткен UFC 296 турнирінде жеңіске жеткен қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов қарсыласына қарағанда 110 мың долларға аз гонорар алды. Аталған сында АҚШ спортшысы Стивен Томпсон жеңілгеніне қарамастан қомақты қаржыға ие болған.
Өткен демалыста болған жекпе-жекте Шавкат Рахмонов Стивен Томпсонмен октагонда айқасқа түскен еді. Отандасымыз UFC аясындағы алтыншы жекпе-жегінде мерзімінен бұрын жеңіске жетіп отыр.
MMA Salaries мәліметі бойынша, Томпсонды жеңгені үшін Рахмонов мансабындағы ең жоғары гонорарды алды. Оның көлемі 306 мың долларды құрады. Яғни, октагонға шыққаны үшін – 150 мың, жеңгені үшін – 150 мың, демеушілік бонустары үшін – 6 мың доллар берілді.
Бірақ бұл сында Шавкаттан Томпсон табыс жағынан басып озды. Стивен промоушенде ұзақ уақыттан бері өнер көрсетіп жүрген файтер. UFC 296-дан кейін америкалық 416 мың доллар ақша алды. Оның ішінде: 400 мыңы октагонға шыққаны үшін және 16 мыңы демеушілердің ынталандыру сыйлығы болып отыр.