Дегенмен, Махачев оны өзіне лайықты қарсылас деп есептемейді
UFC-де жеңіл салмақта әлемнің экс-чемпионы болған америкалық Джастин Гейджи алдағы уақытта дағыстандық Ислам Махачевпен жекпе-жек өткізгісі келетінін айтты.
Есте болса, Гейджи 2020 жылы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекте өзге дағыстандық Хабиб Нурмагомедовтен жеңілген болатын.
«Мен Махачевпен жекпе-жек өткізгім келеді. Ол – чемпион. Менің ойымша, ол маған Хабибке қарағанда ыңғайлы қарсылас болады. Хабибке келетін болсақ, онымен болған жекпе-жекте жақсы өнер көрсетсем де жеңе алмадым. Ол менің мансабымдағы ең қиын қарсыласым болды», - деді америкалық файтер.
Хабиб Нурмагомедов UFC 254 турнирінде Гейджиді тұншықтыру әдісімен жеңіп, жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғағаннан кейін мансабын аяқтаған болатын. Енді Гейджи дағыстандықта кеткен ақысын Махачевтен алғысы келеді.
Дегенмен, Ислам Джастинді өзіне лайықты қарсылас деп санамайтынын мәлімдеді. Егер америкалық файтер алдағы жекпе-жегін сәтті өткізсе, Махачев ұсынысқа байланысты ойланып көруге уәде берді.
Айта кетейік, Гейджи 8 наурызда АҚШ-та өтетін UFC 313 турнирінде Жаңа Зеландия спортшысы Дэн Хукермен жекпе-жек өткізеді.