«Мойындау керек». Танымал бапкер Шавкат Рахмоновты сынайтындарға жауап берді

Редактор
19.06.2025, 23:53

Хуфт Усман мен Рахмоновтың жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді

Getty Images

Шавкат Рахмоновты АҚШ-тағы Kill Cliff спорт залында жаттықтыратын Генри Хуфт қазақстандық спортшыға қатысты айтылатын сындарға жауап берді.

Джефф Нилмен өткен жекпе-жектен кейін көптеген жанкүйер Шавкаттың жиі соққы алғанын, басын уақтылы бұқпағанын сынады. Алайда жаттықтырушы Генри Хуфт Рахмоновтың «хэд мувментіне» қатысты ешқандай мәселе жоқ деп есептейді.

Home of Fight арнасына берген сұхбатында Генри былай деді:

«Шавкат жекпе-жек алдындағы дайындықтарын осында өткізеді. Иә, соңғы бес жекпе-жегіне оны мен дайындадым. Ол әуелі Қазақстанда дайындалады, сонан соң алты апта бұрын АҚШ-қа келеді. Әсіресе, Белалмен жекпе-жек сияқты маңызды кездесу болса.

Бірақ адамдар қай кезде де сынайтын дүние табады. Еншіңде 19 жеңіс болып, соның 18-ін мерзімінен бұрын аяқтасаң да, бір-екі соққы өткізіп алсаң болды - «баспен жұмыс істей алмайды» деп шыға келеді. Ал бұрынғы 18 жекпе-жекте не болды? Ол қай жағынан алып қарасаң да мықты. Иә, Джефф Нилдің бір-екі соққысы дарыды, бірақ сол кездесуде қиындық болды ма? Жоқ. Қалай аяқталғанын өзің көрдің ғой.

Кәдімгідей үлкен турнир болды, көрерменге де ұнады. Екеуі 50 мың доллардан бонус алды, тамаша жекпе-жек өткізді.

Бәрін мінсіз жасасаң, жұрт сені «қызықсыз» деп сынайды. Жанкүйерге жағу мүмкін емес. Бірақ жаттықтырушы ретінде бір айтарым: кез келген спортшының жетілдіре түсетін тұсы бар. Дегенмен сенің нәтижең 19-0 және 18 финиш болса, жұрт сенің мықты екеніңді мойындауы керек!» - деді бапкер.

Хуфт Камару Усман мен Шавкат Рахмоновтың арасында өтуі мүмкін жекпе-жекке қатысты пікір білдірді.

«Егер екеуіне бір-бірімен жекпе-жек өткізуге тура келсе, оны да көреміз.

Мен кәсіби спортшыларды жаттықтырамын, ал олар ақша үшін төбелеседі. Егер менің екі шәкіртім бір-бірімен өзара кездесетін болса, онда залдағы жұмыс дұрыс жүріп жатыр деген сөз. PFL-де Джейсон Джексон мен Логан Сторли финалда кездесудің аз-ақ алдында қалды, ал UFC-де Камару Усман мен Гилберт Бернс арасында жекпе-жек өтті.

Мұндай жағдайлар болып тұрады. Камару тағы бір титулдық жекпе-жек өткізуі мүмкін, Шавкат та жақында оралады… Алайда менің бір өзгермейтін қағидам бар: егер шәкірттерім бір-біріне қарсылас атанса, ешқайсысың бұрышына бармаймын, шетке шығамын. Әрқайсысы өзі дайындалады.

Кімнің осы залда қалып, кімнің басқа жаққа кететінін бұл жекпе-жек ресми түрде жарияланған кезде ғана шешеміз», - деді Генри Хуфт.

Айта кетейік, Kill Cliff – жартылай орта салмақтағы әлемдегі ең үздік спортшылар жаттығатын залдардың бірі.

Материалда: