Қазақ файтері UFC аңыздарына шапан жауып, ерекше құрмет көрсетті (ВИДЕО)

Редактор
03.07.2025, 15:38

Мұратбек Қасымбай UFC-дің даңқты өкілдері Джон Джонс, Хорхе Масвидаль және Йоэль Ромероны күткен

Видеодан кадр

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Мұратбек Қасымбай UFC-дің аты аңызға айналған жұлдыздарына шапан жауып, құрмет көрсетті. Бұл ерекше сәттің бейнежазбасын спортшы Instagram парақшасында бөлісті.

Дастархан басында UFC-дің даңқты өкілдері Джон Джонс, Хорхе Масвидаль және Йоэль Ромеро қонақ болып, қазақтың қонақжайлылығына тәнті болды. Видеодан ALF Reality жобасына қатысып жүрген спортшылардың бір-бірін жылы қарсы алып, ұлттық тағамнан дәм татқан сәттерін көруге болады.

Қазақтың кеңпейілділігіне риза болған қонақтар алғыстарын білдірді. Тіпті Джон Джонс қошеметке бөленіп, ортаға шығып, би де биледі.

«Қазақстан алға! Бешбармақ жегізіп, ұлттық шапан кигіздік. Барлығына ұнағанына қуаныштымын. Осындай таныстық пен тәжірибе үшін ризамын», — деп жазды Қасымбай әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, 22 маусым күні UFC президенті Дана Уайт Бакуде өткен турнирден кейінгі баспасөз мәслихатында Джон Джонстың мансабын аяқтағанын мәлімдеді. Кейінірек Джонс бұл жаңалықты әлеуметтік желіде өзі де растады.

«Мен UFC-дегі мансабымды ресми түрде аяқтаймын. Бұл шешім ұзақ ойланудың нәтижесі. Осы жылдар ішінде мені қолдаған барша жанкүйеріме шын жүректен алғыс айтамын», — деді ол.

Еске сала кетсек, Джон Джонс кәсіби ММА мансабын 2008 жылы бастап, небәрі 23 жасында UFC тарихындағы ең жас жартылай ауыр салмақ чемпионы атанды. Оның бұл рекорды әлі күнге дейін жаңарған жоқ. Сонымен қатар ол UFC тарихында ең көп титулдық айқас өткізген (17) және белбеуін ең көп рет қорғаған (12) файтер саналады. 2023 жылы ауыр салмақта чемпиондық белбеуді иеленген болатын.

Материалда: