Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт президенттің бұл жоспарын растады
АҚШ президенті Дональд Трамп келесі жылы елдің 250 жылдық мерейтойы аясында UFC жекпе-жегін Ақ үй аумағында өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы CNN жазды.
4 шілде – АҚШ-тың Тәуелсіздік күні. Осыған орай Трамп Айова штатында өткен шарада сөз сөйлеп, мерейтойға арналған арнайы іс-шаралар ұлттық парктер мен тарихи орындарда ұйымдастырылатынын, соның ішінде Ақ үйде UFC жекпе-жегі өтетінін айтты.
«Америка тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар ұлттық парктер мен тарихи орындарда өтеді. UFC жекпе-жегін Ақ үй аумағында өткіземіз, ойлаңыздаршы, бұл қандай оқиға болмақ», - деді Трамп.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт президенттің бұл жоспарын растады және оның мақсаты айқын екенін жеткізді.
UFC өкілдері CNN-ге Ақ үймен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеп, әзірге қосымша ақпараттың жоқтығын айтты.
Айта кетейік, Трамптың UFC ұйымымен және оның бас директоры Дана Уайтпен тығыз байланысы бұрыннан бар. Олардың достығы 2001 жылдан бастау алады, сол кезде Уайт UFC жекпе-жегін өткізуге алаң іздеп жүргенде, Трамп Atlantic City-дегі Trump Taj Mahal казиносында турнир өткізуге келісім берген болатын.