Уәдемді орындадым, енді үйге ораламын
31 жастағы ресейлік файтер, орта салмақта UFC чемпионы Хамзат Чимаев UFC 319 турнирінде оңтүстікафрикалық Дрикус дю Плессті жеңген соң Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Кадыровқа алғыс айтты.
«Ең алдымен өз-өзіме және күшіме деген сенім көмектесті. Кейін – отбасым. Сонымен қатар Рамзан Ахматұлын (Кадыров) ерекше атап өткім келеді, ол кісі карьерамды аяқтаймын деп шешім қабылдаған сәтте мені спортқа қайта әкелді. Бүгін сол кісінің арқасында чемпион атандым. Мен оған чемпиондық белбеуді Шешенстанға әкелемін деп уәде бергенмін. Уәдемді орындадым, енді үйге ораламын», - деді Чимаев промоушеннің баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Өз кезегінде Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Кадыров та жерлесін чемпиондық атағымен құттықтады.
«Хамзат Чимаев ешқандай кедергіден қорықпайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол жеңімпаз атанып, мінсіз рекордын сақтап қалды және ММА-дегі ең жарқын файтерлерінің бірі екенін көрсетті.
Ал жекпе-жек нәтижесі күткендегідей болды. Бұл еңбекқорлық пен үлкен мақсаттың қай кезде де өз жемісін беретініне дәлел. Хамзаттың әр жекпе-жегі үлгі боларлықтай. Ол жастар үшін нағыз өнеге, әлемнің мыңдаған жанкүйері үшін шабыт көзіне айналды», - деп жазды Кадыров әлеуметтік желідегі парақшасында.