Азиз Разиев қазақстандық файтердің ынтасы төмендегенін айтты
Dar Team Pro командасының бұрынғы бас бапкері Азиз Разиев UFC-дегі қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың жекпе-жекке деген ынтасының төмендеуіне қатысты пікір білдірді.
«Оларды да түсінуге болады. Әрине, әрбір екінші адам той-томалаққа немесе басқа да іс-шараларға шақыра береді. Қатыспайын десе, халық: «Әне, жұлдыз болып кетіпті, адамдарды менсінбейді» деп ренжиді. Алдымен өзіміз шақырып еркелетеміз де, сонан соң «Неге нәтиже жоқ?» деп сұраймыз. Менталитетіміз сондай. Әйтпесе спортшыны жаттығуынан алаңдатып жүрген өзіміз ғой. Мысалы, боксшы Жәнібек Әлімханұлын қараңыз. Көптен бері сырттай бақылап жүрмін, оны мерекелік жиындардан сирек көремін. Қашан қарасаң, Америкада, жаттығу жиындарында жүреді. Өзі «Барлық белбеуді иеленбейінше, Қазақстанда ешқандай тойға бармаймын» деген көрінеді. Бұл қаншалықты рас екенін білмеймін, бірақ оның ой-өрісі сондай екенін естігенмін», - деді Разиев.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов өзінің соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің ортақ шешімімен жеңген болатын. Дегенмен отандық аралас жекпе-жек шеберінің алдағы айқасы қашан өтетіні белгісіз.