Жарнама
Жарнама

Сабыржан Махметов: Қазақстан спортына карьера қуғандар емес, кәсіби мамандар керек

Редактор
04.11.2025, 12:34

Ал қазір спортшыларға материалдық ынталандыру мен жүйелі қолдау қажет

1bol.kz

Жекпе-жек әлеміндегі ең беделді бапкерлердің бірі, қазақстандық кикбоксинг аңызы, КСРО құрамасын басқарған жалғыз қазақ Сабыржан Махметов отандық спорттың мәселелері мен болашағына қатысты пікір білдірді. 

КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысымен қарашаның басында мегаполисте өткен беделді «Almaty Open» кикбоксинг турнирі кезінде тілдестік. Аты аңызға айналған бапкер әңгіме барысында Қазақстан спортындағы дағдарыс себептеріне тоқталып, спорт шенеуніктерін жеке мүддені емес, ең алдымен спортшыларды ойлауға шақырды.

– «Almaty Open» турнирі Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген мықты спортшылардың басын қосты. Ал мұндай жарыстарға қатысу – кикбоксшылардың спорттық мансабындағы маңызды қадам. Бұл спорт түрінің елімізде қалыптасқан бай дәстүрі мен айбынды тарихы бар. Бізден Асқар Можанов, Есбол Жүсіпов, Ержан Шегенов, Нұрболат Рысмағамбетов, Ғани Досаев, Марат Айтқалиев, Елмұрат Қайыпжанов сияқты талай майталман шықты.  Бұл есімдер қазақ спортының шежіресіне алтын әріптермен жазылған.

– Сабыржан аға, сіз КСРО спорт шеберісіз, әлемдік бокстың тарихын жақсы білесіз. Бүгінгі әуесқой бокстың жағдайына қандай баға берер едіңіз?

– Жекпе-жек әлемінің өкілі ретінде маған жарыстарды қай ұйым өткізетіні маңызды емес, ол IBA бола ма, әлде World Boxing пе, бәрібір. Бапкерлер мен спортшылардың көпшілігі де солай ойлайтынына сенімдімін. Ең бастысы – сайыстар әділ өтіп, жүлде қоры лайықты болса болғаны. Ал кім басқарып отыр, қай ұйымның үстемдігі жоғары – ол екінші мәселе. Нағыз спортшының арманы – рингке шығу, жеңу және өз еңбегімен табыс табу. Бар философия – осы.

– Демек, жүлде қоры шешуші рөл атқара ма?

– Әрине. Қазіргі заманда спорт – тек медаль мен атақ емес, өзіңді және отбасыңды қамтамасыз етудің жолы. Өмірін спортқа арнағандар үшін бұл аса маңызды. Жастар да қай жерде еңбегі бағаланып, табыс табуға болатынын көреді. Бұл – табиғи құбылыс, нағыз мотивация. Бұрын, Кеңес дәуірінде бәрі идеологияға негізделді. Ал қазір спортшыларға материалдық ынталандыру мен жүйелі қолдау қажет.

– Токио мен Париж олимпиадаларындағы сәтсіздікке қатысты не дейсіз?

– Бұл – шынымен де алаңдатарлық жағдай. Екі Олимпиада өтті, бірақ бірде-бір алтын жоқ. Қазақстан кезінде әлемдік рейтингте үздік үштіктен түспейтін. Бекет Махмұтов басқарған жылдары біздің құрамамыз қатарынан үш Олимпиадада әлемнің алдыңғы шебінде болды. Бұл – мықты мектеп пен жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Қазір ше? Жеке амбициялар, кулуарлық ойындар, бағыттың жоқтығы... Мұның бәрі дамуға тежеу салады. Соңғы әлем чемпионаттарында боксшыларымыз жақсы өнер көрсетті, құрметке лайық. Бірақ жанкүйер Олимпиададан алтын күтеді.
Мен Қазақстан бокс федерациясына Бекет Махмұтовтың құрметіне арнайы турнир өткізуді ұсынар едім. Себебі оны бәріміз «қазақстандық бокстың атасы» деп атайтынбыз. Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген жақсы сөз бар. Демек өткенге тағзым – келешекке береке.

– Соңғы үш жылда балуандарымыз әлем чемпионаттарында үш алтын алды. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Бұрын біраз тоқырау байқалған еді. Енді, міне, үш чемпионат – үш алтын: екеуі еркін, біреуі грек-рим күресінен. Бұл – жүйелі еңбектің, дұрыс басқарудың және мамандарға сенім артудың жемісі. Ең бастысы – іс білетін адамдарға кедергі жасамау. Күресте дәл осындай жағдай орнаған сияқты. Әйтпесе мұндай нәтижеге жету қиын.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та спорт саласын сынға алған еді...

– Дене шынықтыру мен спорт – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты. Бірақ тапсырмалар тек Астанада емес, аймақтар мен ауылдарда да орындалуы тиіс.

– Ал ауыл спортының жағдайы қандай?

– Міне, түйткілдің өзі осында. Ауылда талант көп, бірақ жағдай жоқ. Зал жоқ, бапкер жоқ, жарысқа қатысуға мүмкіндік аз. Егер спорт тек ірі қалалармен шектелсе, біз мыңдаған болашақ чемпионнан айырыламыз. Сондықтан ауыл спортына арналған бөлек бағдарлама қажет. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін дамыту, дарынды ауыл балаларына интернаттар салу керек. Спорт баршаға бірдей қолжетімді болуы тиіс.
Мысалы, «Ауыл спортының инфрақұрылымы» атты мемлекеттік бағдарлама қажет. Онда жергілікті жерлерде бассейн, гимнастика, жеңіл атлетика және семсерлесу залдарын салу қарастырылуы керек.

– Ұлттық спорт түрлерінің дамуына көзқарасыңыз қандай?

– Ұлттық спортқа ерекше назар аудару қажет. Бұл – жай ғана жарыс емес, халқымыздың рухы мен мәдениетінің айнасы. Қазақ күресі, жекпе-жек, көкпар, аударыспақ, тоғызқұмалақ сияқты ойындар – ұлттың өзегі. Оларды сақтап қана қоймай, жастар арасында кеңінен дәріптеу керек. Ұлттық турнирлер өткізу, мектеп бағдарламасына енгізу, бапкерлерге қолдау көрсету қажет. Ұлттық спорт – рух, дәстүр және отаншылдықтың символы. Оны мемлекет стратегиялық бағыт ретінде қарастыруы керек.

– Ал қазіргі таңда спорттың дамуына не кедергі болып отыр?

– Ең басты мәселе – стратегия мен кадр саясатының әлсіздігі. Көп жерде спортты білмейтін адамдар отыр. Спортты әуесқойлар емес, кәсіби мамандар басқаруы керек. Өкінішке қарай, соңғы жылдары «костюм киген кездейсоқ адамдар» көбейіп кетті.

Даму орнына интрига, кресло үшін күрес, кулуарлық тартыс жүріп жатыр. Спортқа келдің бе – нәтиже үшін, спортшылар үшін еңбек ет. Нағыз нәтиже тәртіп пен жүйе болған жерде ғана келеді.
Бізге жеке пайда қуғандар емес, балалар мен жастардың болашағын ойлайтын, адал менеджерлер мен меценаттар қажет. Спорт есеп беру үшін емес, нәтиже үшін болуы керек.
Өз басым кәсібилік пен адал еңбектің дәуірі туады деп сенемін. Сонымен қатар ішкі чемпионаттардың мәртебесін арттыру қажет. Басты мақсат – жарысқа қатысу мәртебе саналып, жеңіс жоғары деңгейдің көрсеткіші болатын орта қалыптастыру. Бұл жүйенің өзегі – табиғи іріктеу болуы тиіс.

Реклама
Реклама

Материалда: