Ендігі үміт Қуановта
Дзюдодан Парижде басталған Гранд Слэм бәсекесінде Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов екінші айналымда есе жіберді. Осылайша ол Франция астанасындағы додада жүлдеден тыс қалып отыр.
Отандасымыз бірінші айналымда мысырлық Адел Хамедадан басым түсіп, келесі кезеңге өткен болатын. Алайда, Оңтүстік Корея балуаны Корли Харимен болған белдесуде Сметов жеңіліп қалды. Осылайша оның жыл басындағы маңызды турнирдегі жолы келте болды.
60 келіде күрескен тағы бір қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбай бірінші айналымда өзбек дзюдошысы Достон Рузиевке жол берді.
Ал, 66 келіде күрескен Ғұсман Қырғызбаев Конго балуаны Мурата Христосты ұтқанымен, келесі кезеңде екі дүркін әлем чемпионы, жапон Джоширо Маруямадан айласын асыра алмады.
Бүгінгі жарыс бойынша әзірге жалғыз үміт Есет Қуановта болып отыр. Есет бірінші белдесуде Венесуэла балуанын жеңсе, екінші кездесуінде Молдова спортшысы Раду Извореануды қапы қалдырды. Енді ол ширек финалға шығу үшін Бразилия өкілі Уиллиан Лимамен өзара мықтыны анықтайды.
Қалған салмақтағы белдесулер 3-4 ақпан күндері жалғасатын болады.