Ерасыл Қажыбаев «Қазақстан барысы» турнирінде 4 рет финалға шықты
«Қазақстан барысы-2024» турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаев белгілі әнші, 50 жасқа толған Тоқтар Серіковке ерекше тарту жасады.
Қазақ күресі мен дзюдодан сынға түсіп жүрген балуан «Қазақстан барысында» қолына ұстап шыққан қасқыр терісін ырымдап, өнер иесіне табыстаған. Бұл туралы ол желіде бейнежазба жариялады.
«Тоқтар ағама деген шынайы сый-құрметімнің белгісі ретінде, Қазақстан барысында жеңіске жеткен күні қолыма ұстап шыққан қасқырымды арнайы ырымдап сыйға тарттым. Бұл қасқыр — менің әрбір дайындық күнім, төгілген терім, жеңіске деген сенімім мен күрестегі рухымның белгісі. Сол сәттегі қуат, сол аренадағы елдің қолдауы, жеңістің лебі – бәрі соның бойында қалғандай еді. Сол себепті мен бұл дүниені жай ғана сыйлық емес, жүректен шыққан ізгі ниет, жеңіс қуатын бөлісу, ағаға деген құрметтің символы ретінде тапсырдым. Қазақта «жақсының жақсылығын айт» деген сөз бар, ал мен үшін Тоқтар аға ағалық орнын биік ұстайтын азамат. Сол себепті бұл қасқыр ағаның үйіне тек естелік болып бармасын, жеңіс пен берекенің, рух пен жігердің серігі болсын деген ниетім бар. Ағаның шаңырағына әрқашан мерей, қуаныш, жеңіс қатар қонғай!», - деп жазды балуан.
Ерасыл Қажыбаев «Қазақстан барысы» турнирінде 4 рет финалға шықты. Ол 2018-2019 жылдары күміс белбеу иегері атанса, 2024 жылы топ жарған. Ал биылғы турнирде финалға дейін жетіп, шымкентік Марат Байкамуровқа жол берді.