Сербиялық «Партизан» клубын 4:1 есебімен сенімді түрде жеңді
Сербия астанасы Белградта дзюдодан клубтар арасындағы Чемпиондар лигасы аяқталды. Бұл турнир футбол додасы секілді дзюдо спортынан ұйымдастырылатын беделді командалық жарыс саналады.
Қазақстандық «Жеңіс» клубы жарыс барысында немістің «Абенсберг» командасын 4:3 есебімен жеңді. Алайда ширек финалда грузиялық «Голден Гори» клубына 2:4 есебімен жол берді. Жұбаныш белдесуінде Итальяның «Акияма» командасын 4:3 нәтижесімен ұтып, қола медаль үшін сынға түсу мүмкіндігіне болды.
Ал үшінші орын үшін өткен шешуші кездесуде «Жеңіс» сербиялық «Партизан» клубын 4:1 есебімен сенімді түрде жеңіп, айтулы нәтижесіне қол жеткізді.
Айта кетейік, бұл сында «Жеңіс» клубының сапында Олимпиада жүлдегері Музаффарбек Туробоев, Шахрам Ахадов, Айдар Арапов және басқа да мықты дзюдошылар өнер көрсеткен болатын. Қазақстандық клуб Чемпиондар лигасына алғаш рет қатысып, жүлделі орыннан көрініп отыр.
Сонымен қатар, чемпиондар лигасында ПСЖ дзюдо клубы топ жарды. Париждік татами шеберлері финалда жергілікті «Ред Стар» клубын 4:2 есебімен ұтып, турнирдің басты трофейіне қол жеткізді.