Ресми органдар бұл жағдайға байланысты түсініктеме берген жоқ
Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыровтың денсаулығы күрт нашарлап, осыған байланысты билік жыл қорытындысына арналған халықпен тікелей желіні уақытша өткізе алмай отыр. Бұл туралы «Верстка» басылымы хабарлады.
Соңғы апталарда шешенстандық медиа тікелей эфирге «кең көлемді дайындық» жүріп жатқанын бірнеше рет жариялаған. Алайда ешбір хабарда нақты күні мен уақыт көрсетілмеген. Ресми органдар бұл жағдайға байланысты түсініктеме берген жоқ.
Қадыровтың денсаулығы жайлы расталмаған ақпараттар 2019 жылдан бері үздіксіз пайда болып келеді.
2023 жылдың қыркүйегінде оппозициялық дереккөздер оның комаға түскенін айтса, «Новая газета Европа» Қадыров бірнеше жыл бойы «ұйқы безінің бұзылуы» диагнозымен өмір сүріп келе жатқанын хабарлаған.
Соңғы уақытта Қадыровтың ресми жиындарда өте сирек көрінуі, ал анда-санда жарияланған видеоларда оның баяу қозғалып, жүрісінің өзгергені байқалатыны да назар аудартуда.
2023 жылдың жазында түрік БАҚ-тары Бодрумда теңізге түскен Қадыровтың жағдайы күрт нашарлап, суға тұншыға бастағанын және дереу ауруханаға жеткізілгенін жазған. Грозный бұл ақпаратты ресми түрде теріске шығармаған, бірақ түсініктеме де бермеген.
Қауесеттерге қарамастан, Қадыров өзін белсенді көрсету мақсатында бірнеше рет спорт залында түсірілген видеоларын жариялаған.
Бұған дейін ол «РИА Новости» агенттігіне берген сұхбатында спортқа деген ерекше сүйіспеншілігін айтқан:
«Мен – спорттың қызу жанкүйерімін. Спортшылар үшін қатты уайымдаймын. Чечен халқы спортты ерекше жақсы көреді және оған белсенді түрде қатысады», — деген еді Қадыров.
Ол тек футболды емес, бокс пен ММА жекпе-жектерін де жиі бақылап, спортшыларды қолдап отырады.
Ресейлік боксшы Артур Бетербиев оны «бірінші нөмірлі жанкүйер» деп атаған;
«UFC жұлдызы Хамзат Чимаев Қадыровтың өзі оны спорттан кетпеуге үгіттегенін айтқан;
Қазіргі таңда Қадыровтың нақты диагнозы туралы ашық ақпарат жоқ. Тікелей желінің кейінге қалдырылуы мен оның сирек көрінуі денсаулығына қатысты жаңа күдіктерді күшейтіп отыр.