Нұрлыхан Шархан Париж Гранд Слэмінің қола жүлдесін жеңіп алды

Редактор
04.02.2024, 22:30

Оған медальмен бірге рейтингтік 500 ұпай да берілді

ҚазТАГ

Дзюдодан Парижде аяқталған Гранд Слэм турнирінде -100 келіде күрескен қазақстандық Шархан Нұрлыхан қола медаль иегері атанды.

Отандасымыз шешуші белдесуде Швейцария балуаны Даниэль Эйчтен басым түсті.

Бүгінгі сында жартылай финалға дейін жеткен Шархан бірінші айналымда бос болды. Екінші кезеңде АҚШ балуанын ұтқан ол, ширек финалға шығар сында Нидерланд балуаны Михаэль Коррелді ұтты. Ал, ширек финалда сербиялық Александр Куколжды қосымша уақытта қапы қалдырды. Алайда финалға шығар белдесуде жерлесіміз екі дүркін әлем чемпионы, испаниялық Николоз Шеразадишвилиге жол берген еді.

Сондай-ақ, бүгінгі сында аса ауыр салмақта күрескен Ерасыл Қажыбаев жарысты 7-орынмен аяқтады. Ширек финалға дейін жеткен семейлік балуан жартылай финалға жолдама беретін белдесуде жапон балуанынан ұтылды. Ал жұбаныш белдесуінде грузиялық спортшыға жол беріп, жүлдеден тыс қалды.

Сонымен бірге, аса ауыр салмақта Ғалымжан Қырықбай франциялық әйгілі Тедди Ринерден ескертумен ұтылды. 90 келіде күрескен Айдар Арапов бірінші кездесуінде Камерун өкілін ұтқанымен, екінші кезеңде осы турнирдің жеңімазы атанған түркиялық Майкл Гэнктен айласын асыра алмады. Осы салмақтағы Әнуарбек Ермахан бірінші айналымда сүрінді.

Жарыстың үш күнінде күрескен қазақстандық 14 балуанның тек 4-і ғана ширек финалға дейін жете алды. Кеше күрескен 81 келідегі Абылайхан Жұбаназар 7-орынға тұрақтаса, 73 келіде татамиге шыққан Данияр Шамшаев қола медаль үшін күресте өзбек балуанынан ұтылып, бесінші орынға ие болды. Ал өзге балуандардың дені бірінші айналымда сүрінсе, Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев сында белгілі спортшылар екінші кезеңде есе жіберді.