Айдос Сұлтанғали Хорватияда өткен әлем біріншілігінде 60 келіде топ жарды
Грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали қазіргі уақытта жаттығуды күшейтіп, Олимпиада чемпионы атану үшін барын салатынын айтты.
Астанада өткен грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының қорытынды жиынында балуанға үш бөлмелі пәтер сыйға берілді. Аталған жайтқа қатысты ол пікір білдіріп, қуанышты екенін жеткізді.
«Екі дүркін әлем чемпионы және Олимпиада жеңімпазы атану үшін еңбек етіп жатырмыз. Алдағы жылдарда алтыннан алқа тағынып, елді қуантамын деген арманым бар. Осыған сай бізге қолдау көрсетіліп жатыр. Астанадан үш бөлмелі пәтер берді. Оның алдында Қызылорда қаласынан пәтер мен көлік сыйлады. 20 жылдық еңбек осылай сый-құрметпен әспеттелді. Қазір Щучинск қаласында «Жақсы-2» базасында ұлттық құрамамен жаттығып жатырмыз», - деді Айдос Сұлтанғали.
Естеріңізде болса, Айдос Сұлтанғали Хорватияда өткен әлем біріншілігінде 60 келіде топ жарды. Классикалық күрестен қазақ жанкүйерлері 26 жыл күткен тарихи жүлдені иеленген қызылордалық спортшы осылайша сенсация жасаған еді. Ол өз мансабында әлем чемпионатында үшінші жүлдесін алған болатын. Балуан 2018 және 2022 жылдары ӘЧ-ден қос қола жүлдеге қол жеткізген еді.