Жарнама
Жарнама

Спорт министрлігі өз мәлімдемесін өзі жоққа шығарды

Редактор
05.01.2026, 10:15

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 6 ақпанда Миландағы Сан-Сиро стадионында өтеді

olympics.com

Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындары алдында еліміздің Спорт министрлігі ту ұстаушыларға қатысты жаңа ақпарат таратты деп жазады Sportarena.kz.

Бұған дейін Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Нұрлан Есембаев Миландағы ойындардың ашылу салтанатында көк туды конькишілер Яна Хан мен Денис Никиша ұстап шығуы мүмкін екенін айтқан еді. Артынша журналистер мен блогерлер тарапынан бұл жайтқа қатысты наразылық туындады.

Ал, күні кеше министрліктің баспасөз хатшысы Балым Адамиденова аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, туды алып шығатын спортшылар әлі анықталмаған.

«Қазіргі таңда Олимпиадаға қатысатын ұлттық құрама спортшылары әлі жасақталан жоқ, себебі лицензиялық жарыстар жалғасып жатыр. Қоғамдық кеңестің отырысында тек ықтимал үміткерлер мен іріктеу критерийлері талқыланды.

Ту ұстаушыларға қатысты түпкілікті шешімді министрлік Олимпиаданың басталуына жақын қалғанда, ұлттық құрама толық жасақталғаннан кейін, комиссияның шешімі негізінде қабылдайды. Қазақстанның көк байрағын ұстап шығу үлкен мәртебе болғандықтан, спортшыларды тандауда олардың спорттық жетістіктері, Олимпиадаға дайындық деңгейі және жарыс бағдарламасы ескеріледі», – делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 6 ақпанда Миландағы Сан-Сиро стадионында өтеді.

Реклама
Реклама