Чусовитина әлем бойынша спорттық гимнастика тарихындағы бірегей атлет саналады
Барселона Олимпиадасының чемпионы (1992) Оксана Чусовитина жасы елуге келсе де спортпен қоштасу туралы әзірге жоспары жоғын мәлімдеді.
Өзбекстан атынан өнер көрсетіп жүрген ол мансабын аяқтау үшін бірінші кезекте жүрек қалауына жүгінетінін жеткізді.
«Бір күні таңда залға барғанда ішімнен «болды, маған бұл енді керек емес» дегенді айқын сезінемін. Сол күні спорттан кетемін. Бұл психология мен физиологияға байланысты емес. Өз ісімнен ләззат алмай қалғанымды, бұдан бұрынғыдай рахат сезінбейтінімді түсінген сәтте спортағы жолымды аяқтаймын», - деді ол.
Егде тартқан жеңіл атлет 2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға қатысу туралы әзірге нақты жоспар құрмаған.
«Басты мақсатым биылғы Азия ойындары болып отыр. Олимпиада туралы одан кейін ойланамыз. Егер ішкі қалауым болса, кейін “неге тырыспадым?” деп өкінбеу үшін міндетті түрде тағы бір рет бақ сынап көремін», - деді гимнаст.
Чусовитина әлем бойынша спорттық гимнастика тарихындағы бірегей атлет саналады. Ол Жазғы Олимпиада ойындарына сегіз мәрте қатысуымен ерекшеленеді. 1992, 1996, 2000, 2004, 2008, 2012, 2016 және 2020 жылдары ТМД, Германия және Өзбекстан құрамалары сапында өнер көрсетті.
Мәселен, 1992 жылы Барселонада ТМД-ның біріккен құрамасы атынан алтын медаль иеленсе, 2008 жылы Бейжіңде Германия құрамасы сапында күміс жүлдені мойнына тақты. Өкінішке қарай, Парижде өткен Олимпиада қарсаңында жарақатына байланысты іріктеу бәсекесінен өте алмады.