Ресейде Садулаевтың АҚШ лигасына ауысуы «өкінішті жағдай» деп бағаланды

Редактор
16.01.2026, 16:07

RAF ұйымы 15 қаңтарда Садулаевпен келісімшарт жасалғанын ресми түрде жариялады

© РИА Новости / Рамиль Ситдиков

Америкалық еркін күрес ұйымы Real American Freestyle (RAF) 15 қаңтарда Абдулрашид Садулаевпен келісімшартқа қол қойғаннан кейін Ресейдің спорттық күрес федерациясының президенті Михаил Мамиашвили пікір білдірді. Ол Садулаевтың Real American Freestyle (RAF) ұйымына ауысуын өкінішті деп бағалады.

«Бұл – өкінішті жаңалық. Қазір «еркіндік пен таңдау құқығы» деген ұғымдар осылай түсіндіріліп жүр. Меніңше, бұл дұрыс шешім емес. Бір жерде бір теңге береді, ал басқа жерде – одан бес есе көп төлейді. Бәріне көз жұма қарасаң, бес теңге төлейтін жаққа баруға болады», – деді Мамиашвили.

RAF ұйымы 15 қаңтарда Садулаевпен келісімшарт жасалғанын ресми түрде жариялады. Ал журналист Ариэль Хельвани X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде ресейлік балуанның лигадағы дебюті биылғы мамыр айында өтуі мүмкін екенін хабарлаған еді.

29 жастағы Абдулрашид Садулаев соңғы рет 2024 жылдың соңында әлем чемпионатында топ жарған еді. Ол Рио және Токио Олимпиадаларының (86, 97 кг) чемпионы, әлем біріншіліктерінің 6, Еуропа чемпионатының 4 мәрте жеңімпазы.

Айта кететін жайт, 2024 жылдан бері Абдулрашид Садулаевтың халықаралық жарыстарға қатысуы мәселеге айналып келеді. Мәселен, 2024 жылдың ақпан айында Румынияда өткен Еуропа чемпионатына барған сәтте кеденнен жіберілмесе, сол жылдың сәуір айында ХОК тарапынан олимпиадалық іріктеу турниріне қатысуға шектеу қойылды.

Ал 2025 жылы оған Словакияда өткен Еуропа чемпионатына және күзде Хорватияда өткен әлем біріншілігіне қатысу үшін виза берілмей, амалсыз аталған жарыстардан тыс қалды.

Реклама
Реклама