Шымкенттегі жаппай төбелесте қаза тапқан ер адам белгілі жаттықтырушының ұлы болып шықты

Редактор
21.01.2026, 16:47

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, олардың төртеуі ұсталған.

әлеуметтік желі

Шымкент қаласында жол үстіндегі жанжал жаппай төбелеске ұласып, адам өлімімен аяқталды. Қайғылы оқиға Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, Toyota Camry көлігінің жүргізушісі бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрған Hyundai Sonata автокөлігінің артқы бамперіне жеңіл соққы жасаған. Осыдан кейін Toyota-дан үш ер адам түсіп, жанжал басталған.

Көп ұзамай оқиға орнына Lexus LX-570 көлігі келіп тоқтап, ішінен тағы төрт адам шыққан. Олар Hyundai жүргізушісі Нұрмахан Ешанқұлов пен жолаушылары – Мақсат Көшкенбаев және Василий Колесниковке шабуыл жасаған.

Төбелес барысында Мақсат Көшкенбаев мойнынан пышақ жарақатын алып, №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның сол жақ кеуде тұсынан өтпелі пышақ жарақаты анықталғанын хабарлады. Науқасқа шұғыл ота жасалып, қазіргі таңда жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр.

Нұрмахан Ешанқұлов соққыға жығылғанымен, алдын ала мәлімет бойынша ауыр жарақат алмаған.

Ал үшінші жолаушы – 40 жастағы Василий Колесниковты шабуылдаушылар ұрып-соғып, кейін Toyota Camry көлігіне күштеп отырғызып, оқиға орнынан алып кеткен. Бұл жағдайға ондаған жүргізуші куә болғанымен, ешкім араша түспеген. Кейбір куәгерлер тек бейнежазба түсірумен шектелген.

Кейін полиция Toyota мен Lexus көліктерін тұрғын үйлердің аулаларынан иесіз күйде тапты. Бақылау камераларының жазбасын талдау барысында күдіктілер Колесниковты ВАЗ-2114 көлігіне отырғызып, Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарай бет алғаны анықталған.

Шамамен екі сағаттан соң Ордабасы ауданына қарасты Темірлановка ауылында, орталық аудандық аурухана маңынан Василий Колесниковтың денесі түрлі жарақат белгілерімен табылды.

Марқұмның белгілі күрес жаттықтырушысы Александр Колесниковтың ұлы екені белгілі болды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол қайтыс болардан бір күн бұрын жұбайының дүние салғанына бір жыл толуын еске алған.

Әлеуметтік желілерде тағы бір жәбірленуші – Мақсат Көшкенбаевтың да көз жұмғаны туралы ақпарат тарағанымен, бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция бес күдіктіні іздестірген. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, олардың төртеуі ұсталған.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі Нұрайдың өліміне байланысты ішкі істер министрі Ержан Сәденов полиция полковниктері Алмасбеков пен Саховты қызметтен босатқан болатын. Жаңа басшы тағайындалмай тұрған кезеңде бұл қылмыс тіркелді.

Қазіргі таңда істі Шымкент полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев жеке бақылауына алған. Ол бұған дейін Түркістан облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Реклама
Реклама

Материалда: