Спортшы 2013 жылы Альпі тауларында ауыр жарақат алған
Ұзақ жылдар бойы ауыр хәлде жатқан әйгілі автошабандоз Михаэль Шумахерге мүгедек арбасымен қозғалу мүмкіндігі берілді. Бұл туралы Daily Mail басылымы хабарлады.
Айта кетейік, спортшы 2013 жылы Альпі тауларында шаңғы тепкен кезде басынан ауыр ми жарақатын алған. Ол ұзақ уақыт комада жатып, кейін есін жиғанымен, төсекке таңылған күйде қалған. Сондай-ақ, адамдармен тілдесе алмай, өздігінен қозғалу мүмкіндігінен айырылғаны айтылған.
«Формула-1» әлем чемпионатының жеті дүркін жеңімпазы Шумахердің жұбайы мен ұлы оның денсаулығына қатысты жағдайды 2021 жылы Netflix түсірген деректі фильмде баяндаған болатын.
Daily Mail мәліметінше, енді Михаэль Шумахер үй жағдайында мүгедек арбасымен қозғалып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады.
Қазіргі таңда даңқты автошабандоз 56 жаста. Ол 1994–1995 жылдары Benetton командасы құрамында екі мәрте әлем чемпионы атанса, 2000–2004 жылдары Ferrari сапында қатарынан бес рет жеңіске жеткен.