АҚШ лигасына ауысқан Садулаевты ММА шебері жекпе-жекке шақырды

Редактор
29.01.2026, 15:27

Садулаев АҚШ-тың RAF күрес лигасында өнер көрсетеді

instagram.com/sadulaev_abdulrashid

Америкалық UFC файтері Бо Никал АҚШ-тың еркін күрес лигасына ауысқан Абдулрашид Садулаевты жекпе-жекке шақырды. Бұрын еркін күреспен айналысып, NCAA жүйесінде аса мықты балуан саналған Бо Никал бұл туралы желіде жазба жариялады.

«Мен үшін барлық уақыттың ең үздіктерінің біріне қарсы белдесуі - үлкен құрмет. Көпшілік асыға күтетін кездесу болары анық. Садулаев, мен дайынмын, бастайық», - деп жазды ол желіде.

Ал Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы бұл ұсыныстан бас тартпайтынын атап, еркін күрес бойынша сынға түсуге дайын екенін жеткізді.

«Міне, мұхиттың ар жағынан алғашқы шақырту да келіп жетті. Бо Никал, ММА - сен үшін жақсы таңдау. Бірақ еркін күрес – мүлде басқа деңгей, басқа тереңдік.
Сен балуан болдың, ал мен осы мұхитта өмір сүремін. Бұл жерде ережені акулалар қояды. Өзіңді дайынмын деп санасаң - қош келдің!», - деді Садулаев.

Айта кететін жайт, UFC файтері Бо Никал АҚШ студенттік күресінің ең жоғарғы деңгейі саналатын NCAA-ның үш дүркін чемпионы. Қазіргі уақытта ол UFC-де жеңіліссіз өнер көрсетіп, барлық жекпе-жектерін мерзімінен бұрын аяқтауымен ерекшеленіп отыр.
 
Мамыр айында 30 жасқа толатын Абдулрашид Садулаев соңғы рет 2024 жылдың соңында әлем чемпионатында топ жарған еді. Ол Рио және Токио Олимпиадаларының (86, 97 кг) чемпионы, әлем біріншіліктерінің 6, Еуропа чемпионатының 4 мәрте жеңімпазы.

Бұған дейін Садулаевтың АҚШ-тың RAF күрес лигасында өнер көрсетуге шешім қабылдағаны айтылған еді. Ал бұл шешімге РФ күрес федерациясының президенті өкініш білдіріп, балуандардың шетел асып жатқанына қынжылыс білдірген болатын.

Реклама
Реклама