«Қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды»: Танабаев жаңа бас бапкердің тағайындалуы жайлы

Бүгін, 13:20

Ол жастарға мүмкіндік берілуі керек деп санайды.

YouTube/AqyrysSeitqazy

Бүгін ғана еркін күрестен Қазақстан құрамасының бапкері болып танымал балуан Данияр Қайсанов тағайындалды. Осы орайда тәжірибелі бапкер Алтай Танабаевтан жас маманның құрама тізгінін алуы қаншалықты дұрыс екенін сұрадық.

«Данияр - жасөспірім кезінен күресіп жүрген жігіт. Біреулер бапкер ретінде тәжірибесі жоқ деп ойлауы мүмкін, бірақ оның күресте жүргеніне 20 жылдай болды. Азия чемпионы, әлемнің екі дүркін жүлдегері деген атақтары бар. Жүріп өткен жолының өзі тәжірибе емес пе?! Қасында бапкерлер болады, қажет болса, көмекшілер алады. Жұмыс істеймін деген ниет болса болды. Қазаққа қазақтан басқаның жаны ашымайды. Жастарды өзінен артық жетістікке жетелесін, әлем чемпионаттары, Олимпиада ойындарында жеңімпаз атануына себеп болсын, одан артық ештеңенің қажеті жоқ. Даниярдың білімі де, білігі мен ақылы да жетеді, қолынан келетін іс деп ойлаймын, - деді тәжірибелі бапкер.

Танабаев жастарға мүмкіндік берілуі керек деп санайды.

«Көшеден келген бала емес. Тек мүмкіндік пен уақыт берілуі керек, жас қой. Бір-екі жылда нәтиже көрсетеді», - дейді ол.

Сонымен қатар маманнан «өзгелер Қайсановты жас деп басынуы мүмкін бе?» деп сұрадық.

«Бәрі өзіне, айтқанын істете алғанына байланысты. Тыңдамаса, шығарып жіберсін. Талап бәріне ортақ болуы керек. 30 жастан енді асқандар министр болып та қызмет атқарып жатыр ғой, оның қасында бұл кішкентай ғана сала. Сондықтан жастардың да өздерін көрсеткені дұрыс», - деп толықтырды ол. 

Реклама
Реклама

Материалда: