Ол үнемге көшкен уақытта мұндай іс-шаралардың қажеті жоқ екенін алға тартады.
Отандық спорт журналисі Леонид Юрьев 2029 жылы қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өтетініне алаңдаулы. Маман елде үнемдеу саясаты жүріп жатқан тұста ауқымды спорттық жобаларды ұйымдастыру қисынсыз деп санайды. Сонымен қатар ол бұған дейін 2011 жылы өткен Азиададан ешқандай сабақ алынбағанына өкініш білдірді.
«Шығынды қысқарту керек деп айтады де, бірақ өздері осындай ауқымды жарыс өткізу туралы шешім қабылдайды. Әрине, билік өкілдері Алматыда қажетті инфрақұрылым бар, жаңадан ештеңе салудың қажеті жоқ деп ақталатын шығар. Бірақ көкейде бұдан бөлек те сауал көп, оларға ешкім жауап беріп жатқан жоқ», – дейді ол.
Юрьевтің айтуынша, мұндай шешімнің неліктен қабылданғанын өкілетті министрлік те, Ұлттық олимпиада комитеті де нақты түсіндірмеген.
«Не министрлік, не ҰОК мұндай шешімнің не үшін қабылданғанын айтпады. Бізде жалпы ешкім ештеңе түсіндіре бермейді. Мысалы, бір қайырымды жан Қазақстан құрамасына екінші Олимпиада қатарынан тегін спорттық форма дайындап беріп отыр. Оның кім екені, не үшін көмектесіп жүргені әлі күнге дейін белгісіз», – дегенді алға тартады журналист.
Юрьев 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарын да еске алды. Оның сөзінше, іс-шара барысында ең көп қызығушылық тек ашылу салтанатында болған, ал негізгі бәсекелердің көбісіне жанкүйерлер келмеген де.
«Жапондар Азиаданы өте қатаң үнемдеу режимінде өткізді. Әртүрлі деректер бойынша, жарыстың жалпы бюджеті 3 миллионнан 30 миллион долларға дейін ғана болған. Ал жарыстар ескі спорт нысандарында, ешқандай даңғазасыз ұйымдастырылды. Соған қарамастан бізге тегін тофу бергені есімде. Әдетте Азиадада ешкім тегін тамақ бермейді», – деді ол.
Юрьев басқа үміткерлер болмағандықтан да жарысты өткізу құқығы Қазақстанға берілген деп санайды.
«Араб елдері мұндай жобадан бас тартқан, ал Азияда қабылдайтын ел табылмаған. Сол үшін де таңдау Қазақстанға түсті», – деп қосты ол.
Журналист спортшылардың қызығушылығы кейбір спорт түрлерінде ғана жоғары екенін атап өтті. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүру секілді жарыстарда бәсеке қызу өтеді. Ал қалған спорт түрлеріне көрермен тарапынан да айтарлықтай қызығушылық жоқ.
«Егер біреу Азиадаға туристер көп келеді деп ойласа, қатты қателеседі. Туристер мүлде болмайды деп сеніммен айта аламын. Бұл туралы бұған дейін де талай айтқанмын, шығын жайлы да жаздым. Өкінішке қарай, кеткен қателіктерден сабақ алмағанымызды түсініп отырмын», – дейді ол.
2011 жылғы қысқы Азиадаға тоқталған журналист бірнеше өзекті мәселені атап өтті.
«Бастапқыда бір қалада өтуі тиіс жарыс Алматы мен Астанаға бөлініп кетті. Ал Алматының қақ ортасында салынған шаңғы трамплиндері кешеніне сол кездегі бағаммен 250 миллион доллар жұмсалды. Енді осы соманы еліміздегі шаңғышылардың санына бөліп көрейік. Әлемде бірде-бір мемлекет қаланың дәл ортасына осындай қымбат нысан салған емес», – деп түйіндеді Леонид Юрьев.