Олимпиадада жарақат алған АҚШ спортшысына үшінші ота жасалды

Редактор
12.02.2026, 11:43

Линдси Воннды тікұшақпен ауруханаға жеткізген

әлеуметтік желі

Америкалық тау шаңғышысы Линдси Вонн Олимпиада ойындарында алған күрделі ауыр жарақатынан кейін үшінші рет ота жасатты. Бұл туралы спортшы Instagram парақшасында жазды.

«Бүгін маған үшінші операция жасалып, сәтті өтті. Бүгінгі жетістік бірнеше күн бұрынғыдан мүлде бөлек болып отыр. Мен біртіндеп оңалып келемін. Қалпына келу баяу жүріп жатса да, бәрі жақсы болатынын сеземін», - деді Вонн.

Линдси Вонн бұл жарақатты 8 ақпанда Олимпиада ойындары барысында жарыс басталғаннан кейін көп ұзамай алған. Спортшыны жарыс трассасынан тікұшақпен эвакуациялап, кейін оған екі рет ота жасалды.

Айта кетейік, Вонн Италияда өтіп жатқан Олимпиадаға қаңтардың соңында әлем кубогы кезеңінде алған ауыр тізе жарақатына қарамастан қатысуға шешім қабылдаған болатын.

41 жастағы америкалық спортшы – 2010 жылғы Олимпиада чемпионы, әлем кубогының Үлкен хрусталь глобусын төрт мәрте иеленген, сондай-ақ әлемнің екі дүркін чемпионы. Ол 2019 жылы тізе жарақатына байланысты кәсіби мансабын аяқтаған еді. Алайда 2024 жылдың соңында үлкен спортқа қайта оралды.

 

Реклама
Реклама