Ол Олимпиадада басты фаворит саналған.
Әлеуметтік желі қолданушылары америкалық NBC телеарнасын мәнерлеп сырғанаушы Илья Малининге шамадан тыс қысым көрсеткені үшін қатаң сынға алды.
Ол Италияда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында ерлер арасында жекелей сында басты фаворит саналған еді.
Жанкүйерлердің бірі:
«Нейтан Чен – 2018, Симона Байлз – 2021, енді Илья Малинин – 2026. NBC, спортшыларды «жеңілмейтіндей» етіп көрсетуді доғарыңыздар», - деп жазды.
Тағы бір қолданушы:
«NBC бір спортшыны барлық бағдарламасының бет-бейнесіне айналдыру психологиялық тұрғыда ауыр салмақ екенін қашан түсінеді? Мұндай қысым ақыры сәтсіздікке әкелуі мүмкін», - деп пікір қалдырды.
Үшінші жанкүйер де ойын жасырмады:
«Токиодағы Симона Байлздан кейін-ақ сабақ алу керек еді. NBC Малининді осы Олимпиаданың символына айналдырды. Оның үстіне жарысқа шығар алдында спортшыдан сұхбат не үшін қажет еді?».
Негізі қысқа бағдарламадан соң Малинин қарсыластарынан бес ұпайға озып, көш бастап тұрған. Алайда еркін бағдарламада екі мәрте құлап, элементтерді толық орындай алмады. Нәтижесінде ол тек сегізінші орынмен шектелді.
«Бәрін өзім бүлдіріп алдым», - деп мойындады спортшы жарыстан кейін.
Ол Олимпиаданың ерекше жарыс екенін, қысымның жоғары болатынын да алға тартты.
Бұл сында алтын медальді Қазақстан өкілі Михаил Шайдоров иеленіп, жарыстың басты сенсациясына айналды.