Рекорд жаңарды.
Норвегиялық атақты шаңғышы Йоханнес Клебо Олимпиада-2026 ойындарындағы ерлер эстафетасында топ жарып, қысқы олимпиадалар тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті.
29 жастағы спортшы тоғыз дүркін Олимпиада чемпионы атанып, қысқы ойындардағы ең көп алтын иеленген атлетке айналды. Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтіп жатқан Олимпиадада Клебо бұған дейін скиатлон, спринт және жеке жарыста (бөлек старт) чемпион атанып үлгерген еді. Эстафетадағы жеңіс - оның осы ойындардағы төртінші алтыны.
Жалпы алғанда, Клебоның Олимпиада қоржынында:
Пхёнчхан-2018 - 3 алтын,
Пекин-2022 - 2 алтын,
Милан-Кортина-2026 - 4 алтын бар.
Осылайша, ол атақты Марит Бьорген, Бьорн Дэли және Уле Эйнар Бьорндален сынды аңыздарды артта қалдырды.
Эстафета қалай өтті?
15 ақпанда Италияның Валь-ди-Фьемме аймағында өткен ерлер эстафетасына 10 ұлттық құрама қатысты. Норвегия құрамасы сапында Эмиль Иверсен, Мартин Лёвстрём Нюэнгет, Эйнар Хедегарт және Йоханнес Клебо өнер көрсетті. Клебоның командасы мәре сызығын бірінші болып кесіп, тарихи жеңіске жетті.
Эстафетада:
Алтын - Норвегия,
Күміс - Франция,
Қола - Италия (Федерико Пеллегриноның үлесі зор) иеленді.
Ал Швеция құрамасы бұл жарыста соңғы болып келді.