Шайдоров пен Снуп Догг Миланда кездесіп, жанкүйерлерді таңғалдырды

Редактор
18.02.2026, 22:27

Кездесу Миланның басты символдарының бірі саналатын Дуомо соборының алдында өтті.

ҰОК

Миландағы Олимпиада атмосферасы тағы бір тосын әрі жарқын коллаборациямен қыза түсті. Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров әлемдік хип-хоп жұлдызы Снуп Доггпен бірге видеоға түсіп, әлеуметтік желі қолданушыларын дүр сілкіндірді.

Кездесу Миланның басты символдарының бірі саналатын Дуомо соборының алдында өтті. Қос тұлға журналистерге суретке түсіп, қысқаша әңгімелескеннен кейін көңілді сәт сыйлады.

Видеода Шайдоров пен Снуп Догг рэпердің көпшілікке жақсы таныс «фирмалық» би қимылдарын қайталап, жанкүйерлердің көңілін көтереді. Ролик соңында америкалық жұлдыз қазақстандық спортшыны құшақтап, жылы қоштасады.

Кездесудің кадрларын Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі жариялады. Жазба «Просто вау» деген атаумен жарияланып, желіде кең талқыланып жатыр.

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Снуп Догг тек шоу үшін емес, бірнеше ресми міндетті қатар алып жүр:

  • АҚШ құрамасының “құрметті жаттықтырушысы” ретінде қатысып жүр;

  • NBC және Wall Street Journal үшін арнайы тілші ретінде Олимпиада жаңалықтарын жариялап келеді;

  • Олимпиадалық бағдарламаларға қатысып, жанкүйерлермен және спортшылармен жиі бірге көрініп жүр.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сырғанауда қысқа бағдарламадан кейін 5-орында болғанына қарамастан, еркін бағдарламада қарқынын үдетіп, сенсациялық түрде алтын медаль жеңіп алды.

Бұл жетістік Қазақстан үшін ерекше тарихи нәтиже саналады. Себебі бұл – мәнерлеп сырғанаудан Олимпиададағы тұңғыш алтын (және жалпы қысқы Олимпиада тарихындағы ең маңызды жеңістердің бірі).

Желі қолданушылары бұл кездесуді қызу талқылап, Шайдоровтың әлемдік деңгейдегі танымалдығы артып келе жатқанын атап өтті:

  • «Снуп Догг сеніңмен фотоға түскеніне қуанып тұрған сияқты!»

  • «Миша үшін керемет апта болды!»

  • «Біздің чемпион мұзды ғана емес, әлемдік жұлдыздарды да бағындырып жүр»

Снуп Догг бұған дейін де Олимпиада ойындарында амбассадор немесе арнайы қонақ ретінде жиі бой көрсетіп, спортшыларды қолдап, көңілді контент жасауымен ерекшеленген.

Еске салайық, 14 ақпанда Михаил Шайдоров Қазақстан қоржынына тарихи алтын салып, күрделі әрі ерекше «ғарыштық» бағдарламасымен көрерменнің ықыласына бөленген болатын.

Реклама
Реклама