1-орын иесіне 500 мың, екінші орынға 300 мың беріледі
Биылдан бастап күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатының жеңімпаз және жүлдегерлері ақшалай марапатталатын болды. Бұл туралы Қазақстан күрес федерациясы баспасөз қызметі мәлімдеді.
«21 ақпан мен 2 наурыз аралығында Астанада өтетін ел біріншілігіне тұңғыш рет жүлде қоры тағайындалды», - деп жазылған федерация хабарламасында.
Белгілі болғандай 17 жасқа дейінгі балуандар сыйақысы жеңімпаздар үшін 300 000 теңге, күміс жүлде иесіне 200 мың теңге, ал қола медальға 100 мың теңгеден берілмек. Сонымен бірге, 20 жасқа дейінгі балуандарға да сыйақы табысталады. Оның ішінде 1-орын иесіне 500 мың, екінші орынға 300 мың, ал қола жүлдегерлер 150 теңгеге иелік етпек.
Бұған дейін еркін және әйелдер күресінен ұлттық құраманың бапкерлері тағайындалған болатын. Еркін күрестен бас жаттықтырушы Данияр Қайсанов балуандар үшін биыл әлем чемпионаты мен Азия ойындары маңызды сын болатынын айтқан еді. Көктемде балуандар Азия біріншілігінде күрессе, күзге жаһандық біріншілік пен құрлық ойындарында сынға түседі.