Ол спортшыға алғыс білдірді.
Америкалық танымал әнші Николь Шерзингер қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаның Милан Олимпиадасындағы өнеріне жоғары баға берді.
Отандық спортшы еркін бағдарламасына Sunset Boulevard композициясын таңдаған. Ал бұл туындыны Pussycat Dolls тобының экс-солисі 2023-24 жылдары Эндрю Ллойд Уэббердің мюзиклінде орындаған болатын.
Instagram-да 7,3 миллион оқырманы бар өнер иесі Софья Самоделкинаның бағдарламасынан үзінді жариялап, мәнерлеп сырғанаушыға алғыс білдірген.
«Олимпиада-2026-дағы еркін бағдарламасына Sunset Boulevard-ды таңдағаны үшін қазақстандық Софья Самоделкинаға алғыс айтамын», – деп жазды Николь Шерзингер.
Спортшы қыздың өзі де жазбаны байқап, әншіге ризашылығын жеткізген.
«Құдайым-ау! Керемет әуен үшін рахмет! Мен сені жақсы көремін»! – деді қазақстандық бойжеткен.
Айта кетейік, Софья Самоделкина Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарында еркін бағдарламасы үшін 138.99 ұпай алды. Қос бағдарлама қорытындысы бойынша ол өз рекордын жаңартып, оныншы орынға ие болды.
Алтын медальді америкалық Алиса Лью иеленсе (226.79), екінші орынға жапониялық Каори Сакомото тұрақтады – 224.90. Ал үздік үштікті тағы бір жапон қызы Ами Накаи түйіндеді – 219.16.