Михаил Шайдоров Олимпиададағы костюмін мұражайға тапсырды

Редактор
20.02.2026, 22:27

Іс-шара Миланда өтті. 

ҚР ҰОК

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Олимпиада ойындарында еркін бағдарламада киген костюмін Олимпиада мұражайына табыстады.

ҰОК мәліметінше, салтанатты рәсім Италияның Милан қаласындағы Конькимен жүгіру спорты үйінде өтті.

Фото: ҚР ҰОК

Іс-шараға Халықаралық конькимен жүгірушілер одағының президенті Ким Чжэ Ёль, Олимпиада мұражайы директорының орынбасары Ясмин Майхтри, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин қатысты.

Фото: ҚР ҰОК

«Костюмнің Олимпиада мұражайына тапсырылуы миллиондаған адамға чемпионымыздың мұрасын көруге мүмкіндік береді.

Бұл костюм жас спортшылардың арманға ұмтылып, өзіне сенуіне ықпал етіп, жігерлендіреді. Михаил, осы сыйлығың үшін рақмет. Біз сені мақтан тұтамыз», – деді Геннадий Головкин.

Михаил Шайдоров бұл оқиғаның өзі үшін айрықша мәні бар екенін айтты.

«Костюмімді Олимпиада мұражайына тапсыру – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бүгін осында тұрып, арманымның бір бөлігі әлемдік олимпиадалық мұраға айналатынына қуаныштымын.

Бұл костюм – олимпиадалық арманға бастаған жолымыздың нышаны. Енді оның Қазақстан атынан әлемдік олимпиадалық қозғалыс жәдігерлерінің қатарында орналасуы мен үшін ерекше мәнге ие, - деді Шайдоров.

Фото: ҚР ҰОК

Айта кетейік, Михаил Шайдоров бұл костюммен Олимпиадаға дейін Гран-при финалында да өнер көрсеткен. Алайда төртжылдықтың басты додасына дейін киім қайта толықтырылып, жетілдірілді. Спортшы қазақстандық дизайнерлермен бірге ғарыш кеңістігін бейнелейтін қанық көк түсті таңдаған. Бұл түс «Бесінші элемент» фильмінің тұтас атмосферасын айқын көрсетеді. Дизайны жұлдыздарды еске түсіретін шыны әшекейлер және тастармен толықтырылған.

Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, тәуелсіз Қазақстан тарихында қысқы спорт түрлерінен шыққан екінші Олимпиада чемпионы атанды.

Реклама
Реклама