Испанияда тұратын қазақ балуаны дзюдодан чемпион атанды

Редактор
Бүгін, 09:48

Қандасымыз 66 келіде сынға түскен

instagram.com/rfejyda

Испанияда тұратын этникалық қазақ балуаны Батырхан Асаналиев жасөспірімдер арасында дзюдодан ел чемпионатының жеңімпазы атанды.

Памплона қаласында өткен біріншілікте қандасымыз 66 келіде сынға түсіп, барлық қарсыласынан басым түсті.

66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Батырхан Асаналиев қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Ол іріктеу кезеңінде Аустрия өкілі Даниэль Боргес Шиді, ширек финалда Мадридтен келген Хавьер Гомес Антонаны, ал жартылай финалда Галисия спортшысы Пабло Рико Педридоны иппон әдісімен айқын жеңген. Ал финалда Арагон өкілі Эдуардо Миранда Галиндомен төрт минутқа созылған тартысты белдесуде ваза-ари ұпайымен басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанды.

Осылайша Батырхан Асаналиев аталған салмақ дәрежесінде сенімді өнер көрсетіп, барлық белдесуін жоғары деңгейде өткізді.

Айта кететін жайт, Батырхан Асаналиев Алматы қаласында дүниеге келген. Белгілі болған дерек бойынша, ол 3-4 жыл бұрын отбасымен бірге Испанияға қоныс аударған.

Жасөспірімдер арасындағы Испания чемпионатында Валенсия автономиялық қауымдастығы жалпыкомандалық медаль кестесінде көш бастаған.

Реклама
Реклама

Материалда: