Жәбірленушілердің бірі сотта болған оқиғаны айтып берді
Математика пәнінің мұғалімі оқушыларды Назарбаев Зияткерлік мектебіне (НЗИ) түсіруге көмектесемін деп ата-аналардан миллиондап ақша алып, алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы «Диапозон» газеті хабарлады.
Айыпталушы Чингизхан Пайзов жеке оқу орталығында жұмыс істеп, оқушыларды Назабаев мектебіне түсу емтихандарына дайындаған. Тергеу материалдарына сәйкес, ол екі оқушының анасына балаларын НЗИ-ға орналастырып беруге уәде берген.Бір әйел мұғалімге 1,5 миллион теңге, ал екінші ана 1,7 миллион теңге берген. Кейін мұғалім уәдесін орындамаған. Ата-аналар өздерін алданғанын түсінген соң полицияға жүгінген.
Жәбірленушілердің бірі сотта болған оқиғаны айтып берді. Оның сөзінше, мұғалім өзі хабарласып, баласының қабілетті екенін айтып, жақсы білім алу үшін басқа мектепке ауысу керектігін жеткізген.
«Ол Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге көмектесетінін айтып, 1,5 миллион теңге сұрады. Баламның болашағын ойлап, келісім бердім. Ақшаны екі бөліп аудардым. Кейін ол бір оқушы Астанаға көшіп кеткенін айтып, бос орын шыққанын жеткізді. Сол орынға баламды қарастыру үшін тағы 200 мың теңге төлеу керек деді. Мен ол ақшаны да аудардым», – деді жәбірленуші.
Екінші жәбірленуші де дәл осындай жағдайға тап болған.
Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, үкім шыққанға дейін жәбірленушілерге барлық ақшаны қайтарып берген.
Тергеу кезінде оның жұбайы мұғалімнің адамдардан алған ақшаны құмар ойындарға жұмсағанын айтқан.
Сот Чингизхан Пайзовты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол жазаның барлық мерзімі бойы жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды.