Турнирге ұлттық құрама сапында отыздан астам балуан аттанған
Қазақстан балуандары дзюдодан Еуропа кубогының алғашқы жарыс күнінде 4 жүлдеге қол жеткізді.
Польшаның Варшава қаласында өтіп жатқан додада ерлер арасында 60 келі салмақта үш балуан жүлдеге ие болды. Олардың арасында Сұңғат Нұрлатұлы мен Тоқтар Үмітәлиев финалда кездескен еді. Нәтижесінде Тоқтар Үмітәлиев жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ 60 келіде қола жүлде үшін өткен белдесуде Асылхан Зейнуллин польшалық спортшы Ксаверий Игнасякты жеңді.
Әйелдер арасында +78 келіде Камила Берліқаш ұлттық құрама қоржынына екінші қола жүлдені салды. Жарысты ширек финалдан бастаған отандасымыз алғашқы белдесуінде польшалық Эмилия Гонсиорды жеңді. Ал жартылай финалда Италия балуаны Тизиана Мариниге жол берді. Қола жүлде үшін белдесуде жетісулық балуан италиялық Алессия Джорданодан айласын асырды.
Дәстүрлі Еуропа кубогына 27 мемлекеттен 320 татами шебері қатысуда. Турнир 15 наурызда аяқталады. Аталған сынға Қазақстан ұлттық құрамасы сапында отыздан астам балуан аттанған.