Париж олимпиадасында чемпион болған қазақ спортшылары әнұранды ескі мәтінмен шырқауы мүмкін

Редактор
14.02.2024, 14:53

Мәжіліс депутаты қазіргі әнұраннан Назарбаевтың сөздерін алып тастау керек деп есептейді

Reuters

Биыл жазда Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары чемпион болған жағдайда әнұранды Назарбаевтың сөздерінсіз шырқауы мүмкін. Яғни, «Менің елім» әніне бұрынғы мәтіні қайтарылуы ықтимал.

El.kz сайтының жазуынша, Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері «Әнұран авторлығынан Нұрсұлтан Назарбаевты алып тастау туралы ұсыныс енгізілуі мүмкін бе?» деген сауалға депутат қысқа ғана жауап берген.

«Бұндай өзгеріс болады деп ойлаймын. Өйткені әнұрандағы төл авторларының аты-жөні ғана болса әділеттілік осы болады деп есептеймін», - деді депутат.

Сондай-ақ, ол осы мәселе бойынша депутаттар алдағы уақытта  ұсыныс жасайтынына сенім білдірді.

«Оның барлығы өз кезегімен болады. Жалпы бұл ұсынысты мен қолдаймын», - деді Аманжол Әлтай.

Демек, алда Мәжілісте ұсыныс айтылып, Қазақстан әнұраны авторларының қатарынан экс-президент Назарбаевтың есімі алынып тасталуы әбден мүмкін. Депутаттың қолдаймын дегеніне қарағанда бұл мәселе төңірегіндегі әңгіме қозғалып жатса, оған таң қалуға болмайды.

Қазақстан Әнұраны 2006 жылы ресми түрде ауысып, Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні бекітілген болатын. Алайда, ән мәтініндегі кейбір сөздер өзгертіліп, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі авторлардың қатарына қосылды.