67 келіде бозкілемге шыққан Бағдат Сабаз оңтүстіккореялық Чон Ханжеден жеңіліп қалды
Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Қаһарман Қисметов қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Грек-рим күресінен 77 келіде жұбаныш белдесуіне шыққан отандасымыз шешуші сында жапониялық Исами Норокитаны қапы қалдырды.
Белдесудің екінші кезеңінде есепті 9:1-ге жеткізген ұлттық құрама мүшесі айқын басымдық танытып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Енді Қисметов қола жүлде үшін өзбекстандық Дониёрхон Накибовпен шеберлік байқасады.
Азия чемпионатының екінші жарыс күнінде балуандар 5 салмақ дәрежесінде күресіп жатыр. Өкінішке қарай, 67 келіде бозкілемге шыққан Бағдат Сабаз оңтүстіккореялық Чон Ханжеге 4:7 есебімен жол берді.
Сондай-ақ, 60 келіде Ербол Камалиев Қытай Тайбэйінен келген Су Йонг Сумен, 72 келіде Алматбек Аманбек Тәжікстан мен Жапония балуандары жұбының жеңімпазымен, 82 келіде Ибрагим Магомадов өзбекстандық Арам Варданянмен күрессе, 97 келіде Ислам Евлоев жапониялық Юри Наказатомен кім мықтыны анықтайды.
Чемпионаттың алғашқы жарыс күнінде бозкілемге шыққан Қазақстан балуандарының арасынан тек Нұрсұлтан Тұрсынов қана жартылай финалға жете алды. Алайда ол финалға шығар жолда қырғызстандық Асан Жанышевке есе жіберіп, үшінші орын үшін күресетін болды.