Жерлесіміз қырғыз балуанын жеңді.
Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатының екінші жарыс күнінде жартылай финалда белдескен төрт балуанның біреуі ғана финалға жолдама алды.
72 келіде белдескен Алматбек Аманбеков қырғыз спортшысы Амантұр Исмаиловты өз жанкүйерлері алдында сенімді түрде жеңді. Белдесудің бірінші кезеңінде төреші партерде Исмаиловқа әдіс жасауға мүмкіндік берді. Дегенмен отандасымыз сәтті қорғана біліп, белдесу барысында үш ұпайға қол жеткізді.
Осылайша қазақстандық балуан жартылай финалда қырғыз жанкүйерлері алдында сенімді жеңіске жетті.
Өкінішке қарай, 60 келіде Ербол Камалиев солтүстіккореялық балуанға мерзімінен бұрын есе жіберді (0:8). Ал 82 келіде Ибрагим Магомадов Катар балуаны Шахин Бадагимофрадпен белдесуде 7:2 есебімен алға шыққан еді. Алайда алған жарақатының салдарынан кездесуді 8:9 есебімен аяқтап, финалдан тыс қалды.
97 келіде турнирді сенімді бастаған Ислам Евлоев жартылай финалда ирандық балуан Мохаммадхади Саравимен күресте партерде ұпай беріп қойды (1:3). Енді отандық бозкілем шебері қола жүлде үшін сынға түседі.