Жарнама
Жарнама

Қазақстандық екі балуан Азия чемпионатының жартылай финалына шықты

Бүгін, 12:10

Бүгін әйелдер құрамасымен қатар грек-рим күресінің балуандары да бозкілемге шығады. 

Автордан

Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатының үшінші жарыс күнінде Қазақстан әйелдер құрамасының екі балуаны турнирді сәтті бастады.

Әйелдер күресінен өткен іріктеу белдесулерінде ұлттық құрама сапынан 5 балуан бозкілемге шыққан еді. Олардың ішінде Марал Тәңірбергенова (50 кг) мен Гүлмарал Еркебаева (76 кг) жартылай финалға жолдама алды.

Марал ширек финалда Қытай Тайпейінің балуанын 9:2 есебімен жеңді. Енді отандасымыз финал жолдамасын Токио Олимпиадасының чемпионы, жапониялық балуан Юи Сусакимен сарапқа салады.

Ал Гүлмарал Еркебаева Үндістан өкілі Кажал Кажалмен өткен тартысты белдесудің соңғы секундтарында ұпай алып, жеңіске жетті. Қазақ балуаны жартылай финалда моңғолиялық спортшы Даваанасан Энх Амармен кездеседі.

Өкінішке қарай, Шұғыла Өмірбек (55 кг) пен Виктория Кусаинова (59 кг) алғашқы айналымда үнді балуандарына жол берсе, Елена Шалыгина (68 кг) жапониялық қарсыласынан 10:1 есебімен ойсырай жеңілді.

Бүгін грек-рим күресінен Қазақстан балуандары 4 салмақта жүлде үшін бозкілемге шығады. Олардың арасында Алматбек Аманбек (72 кг) финалда Иран спортшысымен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ал Ербол Камалиев (60 кг), Ибрагим Магомадов (82 кг) және Ислам Евлоев (97 кг) қола жүлде үшін белдеседі.

Реклама
Реклама