Жарнама
Жарнама

Қарсыласымның қателескен тұсын сәтті пайдаландым - Алматбек Аманбек

08.04.2026, 20:12

Ол 72 келіде чемпион атандым.

instagram.com/qaz_team_official

Грек-рим күресінен Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалғыз алтын жүлдені иеленді.

Бұл медальды ұлттық құрама қоржынына 72 келіде сынға түскен Алматбек Аманбек салды. Белдесуден кейін спортшы 1bol.kz тілшісіне арнайы сұхбат беріп, чемпионаттағы әсерімен бөліскен еді.

- Биылғы Азия чемпионатында өз дегенімізге жеттік. Елден тек алтын үшін келдік. Сол үшін осы жолда аянбай еңбек еттік. Бізге жанкүйер болған барша ағайынға алғысым шексіз. Оның ішінде маған барынша сенген ағаларыма, жақын достарыма ерекше алғысымды айтамын. Олар мені соңына дейін қолдаумен болды.

- Финалда қарсыласыңның партердегі қателігін тиімді пайдаландыңыз. Жалпы, белдесу алдындағы жоспарыңыз қандай еді?

- Бұл кездесуге менің тактикам басқаша болды. Алдымен қарсыласты тоқтатып отыруға тиіс болдым. Оның әлсіз жерін білгендіктен, сол бойынша жұмыс істеуім керек еді. Дегенмен, бүгінгі белдесуде қателескен тұсын сәтті пайдалана алдым.

- Жартылай финалдан кейін «алтын аламын» деп сенімді түрде айттыңыз. Иран балуанының әлеуетін қалай бағалайсыз?

- Бұған дейін Албанияда өткен рейтингтік турнирде Иран балуанымен белдесуде басым түсіп жатып, екінші кезеңде қателікпен есе жіберіп едім. Ол жолы 77 келіде күрестік. Ұпай беріп қойғаннан кейін белдесу соңына дейін есеп айырмасын қысқарта алмадым. Сол жеңілістің қарымтасын бүгін қайтаруға толық мүмкіндік туды.

- Дегенмен кешегі жартылай финалдағы белдесу қиын болған секілді...

- Жартылай финалда жолыққан қырғыз балуаны да, финалда сынға түскен Иран спортшысы да физикалық тұрғыда өте мықты. Біреуін әлсіз, біреуін ыңғайсыз қарсылас деп айта алмаймын. Белдесуде өзіңнің күресіңді жүргізуге тырысасың. Кеше 100 пайыз барымды салсам, бүгін оны екі есе жүктемемен міндетімді орындап шықтым.

- Күзде әлем чемпионаты өтеді. Дайындық жұмыстары қалай жалғасады?

- Алда елімізде әлем чемпионатына іріктеу турнирі өтеді. Бірақ Азия біріншілігінің алдында аға бапкеріміз «олимпиадалық емес салмақта чемпион болған балуандар бірден әлем чемпионатына баратын құрамаға кіреді» деді. Енді соған барымызды салып дайындаламыз. Қателіктермен жұмыс істеуім керек. Қазіргі сәтте маған жақсылап тынығу қажет болып тұр.

- Финалға жолдама алғаннан кейін тура бір күн уақыт өтті. Осы аралықта өзіңді қалай сезіндің?

- Жақсы сезіндім деп айта аламын. Бапкерлерім үнемі қасыма келіп, жағдайымды сұрап, ойымды бөлумен болды. Күресті ойламасын деп психологиялық тұрғыда дайындады.

Реклама
Реклама