Жарнама
Жарнама

Бибісара Асаубаева Үміткерлер турнирінде үздік үштікке еніп, жеңіске жақындады

Редактор
Бүгін, 10:54

13-турда Бибісара Асаубаева Анна Музычукпен кездеседі

Chess.com

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева 2026 жылғы үміткерлер турнирінде кезекті жарқын жеңісіне қол жеткізіп, үздік үштікке енді.

Кипрдің Пафос қаласында өтіп жатқан додада 22 жастағы спортшы 12-турда бейтарап мәртебеде өнер көрсетіп жүрген ресейлік Екатерина Лагномен кездесіп, ақ тастармен сенімді түрде басым түсті. Осылайша, ол бесінші турдағы жеңілісінің есесін қайтарды.

Бұл жеңіс Асаубаеваға бір ұпай әкеліп, жалпы есебін 6,5 ұпайға жеткізді. Екі тур қалғанда қазақстандық шахматшы турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Қазіргі таңда көш басында 7 ұпаймен үндістандық Рамешбабу Вайшали тұр.

Ал қытайлық Чжу Цзиньэр де көшбасшылар қатарында. Украиналық Анна Музычуктың еншісінде 6 ұпай бар, ол 12-турдағы партиясын әлі аяқтаған жоқ.

13 сәуір – турнирдегі демалыс күні. Ал 14 сәуірде өтетін 13-турда Бибісара Асаубаева Анна Музычукпен кездеседі. Қос шахматшының алғашқы партиясы тең аяқталған болатын.

Айта кетейік, үміткерлер турнирі 28 наурыз бен 16 сәуір аралығында өтуде. Жарысқа сегіз шахматшы қатысып, әрқайсысы қарсыластарымен екі реттен – ақ және қара тастармен ойнайды. Барлығы 14 тур жоспарланған.

Турнир жеңімпазы қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен шахмат тәжін сарапқа салу мүмкіндігіне ие болады.

Реклама
Реклама