Ресейлік даңқты балуанды Румынияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатына кіргізбей қойды

Редактор
16.02.2024, 09:26

Оның жолын кеденшілер бөгеген

РФ Күрес федерациясы

Күрес түрлерінен Румынияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатына қатысуға барған ресейлік балуан, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаевты кеден қызметі өткізбей қойды.

Балуан 16 ақпанда кілемге шығуы тиіс болған. Алайда, белгісіз себептермен ол румын еліне кіре алмады. Бұл туралы журналистерге сол елдің күрес федерациясының басшылығы мәлімдеді. Жарысты ұйымдастырушылар оның мәселесін шешуге қауқарсыздық танытқан. Садулаевқа берілген виза мәселесі кеден қызметкерлерінің күдігін тудырғанға ұқсайды.

2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында жеңілген балуан жарақатына байланысты ота жасатқаны белгілі. Биыл қаңтар айында Ресейде өткен И.Ярыгин Гран-приінде күресіп, 97 келіде жеңіске жеткен. Осылайша ол Еуропа чемпионатына қатысатын құрама қатарына қосылды.

Өткен жылы Махачкалаға Тель-Авивтен келген ұшақты дағыстандық адамдар басып алғаны болатын. Жергілікті халық Палестина халқына соққы берген Израильге наразылық ретінде ұшақпен келген сол елдің азаматтарын кепілге алмақ болғаны айтылған еді. Осыдан кейін Израиль тарапы ресми мәлімдеме жасап, Дағыстаннан шыққан спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуын шектеу қою мәселесін ұсынатынын жариялады. Алайда Садулаевтың 2024 жылғы Еуропа чемпионатынан тыс қалуының нақты себебі әзірге түсініксіз болып отыр.

Материалда: