Үміткерлер турнирінің жеңімпазы енді шешуші кездесуде анықталады
Бүгін Бибісара Асаубаева үндістандық Дивья Дешмухпен соңғы тур аясында кездесіп, партияны тең нәтижемен аяқтады. Осы нәтиженің арқасында отандасымыз 8 ұпай жинап, турнир кестесінде уақытша бірінші орынға көтерілді.
Үміткерлер турнирінің жеңімпазы енді шешуші кездесуде анықталады. Онда турнир көшбасшысы – үндістандық Рамешбабу Вайшали мен ресейлік Екатерина Лагно өзара бақ сынайды.
Айта кетейік, қатысушылар 14 турдан тұратын айналмалы жүйе бойынша классикалық уақыт бақылауымен ойнайды: алғашқы 40 жүріске 90 минут, партия соңына дейін қосымша 30 минут және әр жүріске 30 секундтан беріледі.
Әр шахматшы қарсыластарымен екі рет – ақ және қара тастармен кездеседі. Турнир жеңімпазы қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен әлем чемпионы атағы үшін матч өткізу құқығына ие болады.
Жалпы жүлде қоры 300 мың еуроны құрайды. Бірінші орынға – 28 мың еуро, екінші орынға – 17 мың еуро, үшінші орынға – 8600 еуро беріледі. Сонымен қатар әр жарты ұпай үшін 2200 еуро төленеді. Ұпайлары тең болған жағдайда жүлде қаржысы тең бөлінеді.
Айта кетерлігі, Қазақстан тарихында алғаш рет Үміткерлер турнирінде шахмат тәжіне үміткер отандасымыз өнер көрсетіп отыр.