Қытайда дзюдодан Азия чемпионаты басталды
Дзюдодан Қытайдың Ордос қаласында бүгін басталған Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының үш балуаны жүлде үшін сынға түсетін болды.
60 келіде Шерзод Давлатов Өзбекстан өкілі Самариддин Кучкаровпен, Аман Бақытжан моңғолиялық Түвшинтөр Түменжаргалмен үшінші орын үшін белдесуге шығады. Ал Нұрқанат Серікбаев (66 кг) сары құрлық біріншілігінің қола жүлдесін Сюэ Цзыянмен сарапқа салады.
Іріктеу бәсекесінде Давлатов Макао және Өзбекстан балуандарын жеңген еді. Алайда финалға шығар жолда ол Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қытайлық Тайбэй өкілі Ян Юн Вэйге есе жіберді. Өз кезегінде Аман Бақытжан Сирия және Тәжікстан спортшыларын жеңгенімен, жартылай финалда Бахрейн балуаны Руслан Полторатскийге қосымша уақытта төреші ескертуімен жол берді.
Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде ҚР ұлттық құрамасының балуаны Нұрқанат Серікбаев ширек финалға дейін жеткен еді. Ол ширек финалда оңтүстіккореялық Ким Чаннёнге есе жібергенімен, жұбаныш белдесуінде Моңғолия құрамасындағы этникалық қазақ балуаны Иолк Кәдірбекті жеңіп отыр.
Өкінішке қарай, ҚР әйелдер құрамасы сапында 48 келіде татамиге шыққан Диана Буркеева алғашқы айналымда жеңіліп, жарысты аяқтады.