Ол 81 келіде өнер көрсетті.
Қытайдың Ордос қаласында Дзюдодан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.
Ерлер арасында 81 келіде татамиге шыққан Әділет Алмат шешуші сында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, тәжікстандық Сомон Махмадбековтен басым түсті. Осылайша отандық татами шеберлері сары құрлық біріншілігінің екінші жарыс күнінде алтыннан алқа тағынды.
Әділет Алмат алғашқы белдесуінде қырғызстандық Шыңғысхан Сағыналиевті жеңсе, ширек финалда ұлттық құрама мүшесі Абылайхан Жұбаназардан басым түскен еді. Ал жартылай финалда тәжікстандық Хожазода Бехрузимен белдесіп, жеңіске жетті.
Сонымен бірге, 81 келіде Абылайхан Жұбаназар қола жүлде үшін күресте БАӘ өкілін қапы қалдырса, әйелдер санатында Есмигүл Куюлова (63 кг) да үздік үштікті түйіндеді.
Бүгінгі жарыс күнінде Есет Қуанов (73 кг), 57 келіде Дана Әбдірова мен Бақыт Құсақбаева, Самалай Ерғалиева (63 кг), Ажар Асхат (70 кг) алғашқы айналымда есе жіберді.
Кеше Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының үш балуаны жүлде үшін күресіп, бесінші орынға тұрақтаған болатын.