6 жыл үзілістен кейін спортшы Еуропа чемпионатының алтынын қайта иеленді
Еркін күрестен екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаев алты жыл үзілістен кейін Еуропа чемпионатының алтынын қайта иеленді.
Албания астанасы Тиранада өткен құрлық біріншілігінің финалында 97 келі салмақ дәрежесінде белдескен ресейлік балуан словакиялық Батырбек Цакуловты 14:3 есебімен айқын жеңді. Осылайша, Садулаев мансабындағы бесінші Еуропа чемпионы атағын еншіледі (бұған дейін 2014, 2018, 2019, 2020 жылдары топ жарған).
Айта кетейік, бұл оның 2020 жылдан бергі алғашқы Еуропа чемпионаты. Аталған додада ресейлік спортшылар United World Wrestling туы астында өнер көрсетуде.
Бұған дейін, биылғы ақпанда өткен рейтингтік турнирде Садулаев қазақстандық балуан Ризабек Айтмұханды финал жолдамасы үшін өткен белдесуде 14:3 есебімен жеңген еді. Кейін ол турнирдің алтынын иеленсе, Айтмұхан қола жүлдегер атанған.