Жарнама
Жарнама

«Жақсы ұстаз табу керек»: Софья Самоделкина қазақ тілін үйренетінін айтты

Редактор
28.04.2026, 16:56

Спортшы қазақша сұхбат бергісі келетінін атап өтті

ҰОК

Қазақстанның үздік мәнерлеп сырғанаушысы Софья Самоделкина болашақта қазақ тілін үйреніп, мемлекеттік тілде сұхбат бергісі келетінін айтты.

Мәскеуде туып, Қазақстан атынан өнер көрсететін спортшы Sports.ru порталына берген сұхбатында тіл үйренуге қатысты ойын бөлісті.

Самоделкина алдымен ағылшын тілін меңгеруге көп күш жұмсағанын айтып, енді қазақ тілін де үйренуді жоспарлап жүргенін жеткізді.

«Әрине, қазақ тілін үйренгім келеді. Бұған дейін де талпынып көрдім, бірақ ол кезде мұғалім болмады, өз бетімше үйрену қиынға соқты. Қазір көбіне ағылшын тілді ортада жүргендіктен, екі тілді қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен Қазақстанға келген сайын қазақша қарапайым сөздерді айтуға тырысамын: амандасу, алғыс айту, тұрмыстық сұрақтар қою. Кейде адамдар маған толық қазақша жауап беріп кетеді. Сонда тілді әлі үйреніп жатқанымды айтып, кешірім сұрауға тура келеді.

Қазақ тілін үйрену жоспарымда бар. Тілді тез меңгеремін деп ойлаймын, тек жақсы ұстаз табу керек. Қазақстанда екі негізгі тіл болғанымен, қазақша ең болмаса базалық деңгейде сөйлегім келеді. Бұл – елге деген құрмет әрі бір күні жарыстан кейін қазақ тілінде сұхбат беру мен үшін үлкен қуаныш болар еді», – деді Самоделкина.

Айта кетейік, өткен маусымда қазақстандық спортшы Жапонияның Осака қаласында өткен Гран-при кезеңінде күміс жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ Миландағы қысқы Олимпиадада үздік ондыққа еніп, Қазақстан әйелдер мәнерлеп сырғанау тарихындағы ең үздік нәтижені тіркеді.

Реклама
Реклама