Биволдың бұрынғы әйелі соттан кейін алғаш рет ашық мәлімдеме жасады
Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы жары Екатерина Бивол экс-күйеуімен арадағы ұзаққа созылған сот даулары аяқталғанын хабарлады. Оның айтуынша, тараптар сот барысында өзара келісімге келіп, енді тек ортақ балаларының тәрбиесіне қатысты мәселелер бойынша ғана байланыс орнататын болады.
Екатерина әлеуметтік желідегі парақшасында бұрынғы отбасылық өмірге қатысты тақырыпты жабуды сұрап, қазіргі қарым-қатынастың тек ата-ана ретіндегі міндеттермен шектелетінін айтты.
«Біз сотта бітімге келдік. Қазір тек балаларымыздың ата-анасы ретінде ғана сөйлесеміз. Соның өзіне қуаныштымын. Басқа қарым-қатынас болуы мүмкін емес. Сондықтан бұрынғы өмірімізге қатысты әңгімені тоқтатсақ деймін. Біздің байланысымыз тек балалардың төңірегінде өрбиді, бірақ оның өзі маңызды», – деді ол.
Бұған дейін Екатерина Бивол бірнеше рет Дмитрий Биволды алимент төлеуден жалтарды деп айыптап, олардың арасындағы жанжал қоғамдық кеңістікте кеңінен талқыланған еді. Сондай-ақ оған балаларын әкесіне қарсы қоюға тырысты деген сын да айтылған болатын. Соттағы бітімгерлік келісім осы даулы мәселелерге нүкте қоюға бағытталған.
Екатерина Биволдың есімі 2025 жылы Орталық Азия елдерінде үлкен дау тудырған оқиғамен де байланысты болды. Ол әлеуметтік желіде қазақтар мен қырғыздарға қатысты қорлайтын сипаттағы жазба жариялап, қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырады.
Осы оқиғадан кейін Ресей құқық қорғау органдары оның жарияланымдарына тексеру жүргізіп, Санкт-Петербург қаласының Ленин аудандық соты Екатеринаны кінәлі деп танып, 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жөнінде шешім шығарған.
Ал Қазақстанда оның үстінен ұлтаралық араздықты қоздыру бабымен қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланған болатын.