Ресейлік БАҚ Шайдоровтың болашағына қатысты мәлімдеме жасады
Ресейлік «Чемпионат» басылымының журналисі Анастасия Рацкевич қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың төңірегінде туындаған жағдайға пікір білдіріп, спортшының болашағына қатысты өз ойын айтты.
Оның пікірінше, қоғамда үлкен резонанс тудырғандықтан, жауапты мемлекеттік органдар мәселені мүмкіндігінше тезірек шешуге тырысады.
«Қалыптасқан жағдай Михаилдың жаңа келісімшартындағы міндеттемелер тармағынан туындаған сияқты. Мәнерлеп сырғанауда мұндай талаптар түсініксіз көрінеді. Өйткені келесі Олимпиадаға әлі төрт жыл бар. 2030 жылға дейін не болатынын ешкім білмейді: спортшының денсаулығы қандай болады, мансабын жалғастыруға ынтасы сақтала ма, бәсекелестік деңгейі қалай өзгереді – мұның бәрін алдын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан Шайдоровтың бұл тармаққа қатысты күмәні орынды», – деп жазды журналист.
Сондай-ақ Рацкевич тараптардың барлығына тиімді жаңа келісімге келіп, мәселенің оң шешілетініне үміт білдірді.
«Ең бастысы – Михаил мансабын тыныш жалғастыра алуы керек. Ал егер мәселе шешілмесе, біз мәнерлеп сырғанаушыларын ерекше қолдайтын бір елді білеміз. Оның үстіне Шайдоровтың ол жақта жаттығу тәжірибесі де бар. Дегенмен спортшының өзі Сочиде жаттығу кезінде өзін әрдайым жайлы сезіне бермегенін айтқан еді», – деді автор.
Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында ақпан айынан бері Туризм және спорт министрлігінен тиесілі жалақы алмай жүргенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар ол маусымға дайындық жұмыстарына байланысты уәде етілген төлемдердің де берілмегенін айтқан еді.